ЖАҢААРҚАЛЫҚ ҚАПБАСОВТАР ӘУЛЕТІ – ОБЛЫСТЫҚ “МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ” БАЙҚАУЫНЫҢ БАС ЖҮЛДЕГЕРІ

✨ Бүгін облыс орталығында өткен облыстық “Мерейлі отбасы” байқауында Жаңаарқа ауданынан қатысқан Қапбасовтар әулеті бас жүлдені иеленіп, байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алды. Сонымен бірге жеңімпаз әулетке 1 миллион теңге қаржылай сыйлық табысталды. Марапатты облыс әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова тапсырды.

✨ Қасиетті Сарыарқаның төсінде, кең даланың құшағында орналасқан Жаңаарқа өңірінің Орынбай ауылында ғұмыр кешіп жатқан Қапбасовтар әулеті – өнегесімен елге үлгі, бірлігімен берекелі отбасы.

✨ Әулеттің негізін қалаған Жақып ата мен жары Зияда апа – бар ғұмырын бала тәрбиесіне, елге адал қызмет етуге арнаған ардақты жандар. Олар 4 ұл мен 4 қыз өсіріп, әрқайсысына өмірлік ұстаным мен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білді. Бүгінде бұл шаңырақ 21 немере мен 21 шөберенің сүйенішіне айналған алып бәйтерек іспетті.

✨ 2010 жылы Жақып ата өмірден өткенмен, әулеттің ұйытқысы – Зияда апа ұрпақтарына мейірім мен парасаттың, еңбексүйгіштік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ол келіндеріне аналық қамқорлық танытып, немерелерін кітап оқуға баулып, қыздарды үй шаруасына, ұлдарды үлкенді құрметтеп, кішіге қамқор болуға үйреткен.

✨ Қапбасовтар әулеті үшін ең басты байлық – бірлік пен береке. Ұлттық салт-дәстүрді ардақтап, ұрпақ тәрбиесінде рухани құндылықтарды бірінші орынға қояды. Бүгінде әулет мүшелері – еліміздің әр саласында абыройлы еңбек етіп жүрген білікті мамандар. Олардың қатарында үздік дәрігерлер, тәжірибелі ұстаздар, құрылысшы мен инженерлер, энергетика және тау-кен саласының мамандары, кен құтқарушылары мен кәсіпкерлер бар. Ал екі үлкен ұл туған ауылда ауыл шаруашылығын дамытып, ел игілігі үшін еңбек етуде.

✨ “Тәрбие – тал бесіктен” деген қағиданы берік ұстанған Қапбасовтар әулетінің ғибратты жолы – бірлік пен сыйластық, еңбек пен ізгілік, білім мен парасат биігінде өрілген тағылымды шежіре.

✨ Облыстық “Мерейлі отбасы” байқауындағы бұл жеңіс – олардың отбасылық құндылықтарға берік, елге үлгі, ұрпаққа өнеге бола білген еңбегінің жемісі. Енді Қапбасовтар әулеті облыс намысын республикалық кезеңде қорғайтын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *