Таза Қазақстан – таза болашақтың кепілі
Жаңаарқа ауданында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған “Таза Қазақстан” акциясы жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Бұл бастама аудан тұрғындарын бір мақсатқа – туған жердің табиғатын қорғауға жұмылдырады.
Акция барысында ауыл көшелері мен қоғамдық орындар тазартылып, өзен-көл жағалаулары қоқыстан арылды. Сонымен бірге ағаш көшеттері отырғызылып, гүлзарлар жасақталды. Іс-шараға аудан әкімдігі қызметкерлері, мектеп оқушылары, ерікті жастар және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты.
Мұндай жұмыстар қоршаған ортаның тазалығын сақтап қана қоймай, халықтың экологиялық мәдениетін арттырады. Тұрғындар табиғатты аялау – әр адамның азаматтық борышы екенін түсініп, күнделікті өмірінде осы қағиданы ұстануға ұмтылуда.
Жаңаарқа – таза табиғаты мен еңбекқор халқы бар өңір. Біз табиғатты сақтай алсақ, болашағымыз да жарқын болары сөзсіз.
Ардақ Досаева, Орынбай а/о тұрғыны