Жұмысшы мамандықтар – ел болашағының іргетасы
2025 жыл елімізде Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялануы – еңбек адамын ардақтау мен нақты іспен айналысатын азаматтардың қоғамдағы орнын көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама – Елбасы мен Мемлекет басшысының еңбекке, өндірістік салаға ерекше мән беретін саясатының жалғасы.
Бүгінгі күні еліміздің дамуында қарапайым еңбек адамдарының үлесі орасан зор. Құрылысшы, дәнекерлеуші, электрик, механик, наубайшы, токарь, теміржолшы – осындай мамандық иелері күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігі. Оларсыз өндіріс те, құрылыс та, көлік қатынасы да жүрмейді.
Жұмысшы мамандықтар жылы – жастар үшін де үлкен мүмкіндік. Себебі техникалық және кәсіптік білім беру саласы жаңарып, дуалды оқыту, өндірістік тәжірибе мен шеберлікке бағытталған жаңа әдістер енгізілуде. Мемлекет бұл салаға қаржы бөліп, шәкіртақыны көбейтіп, колледждерге заманауи құрал-жабдықтар жеткізуде.
Жастар енді тек жоғары оқу орнына ғана үміт артпай, нақты кәсіп иесі атануға ұмтыла бастады. Жұмысшы мамандығын меңгеру – өмірлік табыс пен тұрақтылықтың кепілі.
Қуаныш Төлеутай, журналист