Жұмысшы мамандықтар жылы: Ел дамуына берік тірек
2025 жыл – еліміз үшін ерекше мәнге ие. Мемлекет басшысы бұл жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялап, қоғам назарын қарапайым еңбек адамдарына аударды. Бұл – маңдай термен нәпақа тауып, ел экономикасына өлшеусіз үлес қосып жүрген миллиондаған жұмысшыға көрсетілген зор құрмет. Қоғамның ілгері дамуы – тек ғалымдар мен саясаткерлердің емес, ең алдымен, еңбек адамдарының күнделікті жұмысы арқылы жүзеге асады. Электрик жарық тартады, дәнекерлеуші құрылымды біріктіреді, жүргізуші жүк тасиды, құрылысшы мектеп пен аурухана салады, тігінші киім тігеді – осының бәрі күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігі. Оларсыз өмірдің бір күні де алға баспайтыны анық. Жұмысшы мамандықтары – нағыз қажетті әрі сұранысқа ие салалар. Қазіргі таңда елімізде өндіріс орындары ашылып, құрылыс пен ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл – кәсіби жұмысшыларға деген сұраныстың артқанын білдіреді. Мемлекет осы бағытта нақты қолдау көрсетіп келеді. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жаңартылып, дуалды оқыту, гранттық қолдау, өндірістік тәжірибе, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Бұл – адал еңбектің, маңдай тердің, қарапайым кәсіп иелерінің абыройын биіктетуге бағытталған бастама. Еңбек – елді көркейтеді. Ал еңбек адамы – сол елдің ең басты байлығы.
Жакиянова Жулдыз, Бидайық а/о тұрғыны