Жұмысшы мамандықтар – ел дамуының негізі
2025 жыл – елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама – қоғамда еңбек адамына деген құрметті арттыру, өндіріс пен кәсіптік-техникалық білімнің беделін көтеру мақсатында қолға алынған маңызды қадам. Бүгінде заман талабы өзгерді. Ел экономикасының дамуы – тек ірі кәсіпкерлер мен ғалымдардың еңбегімен емес, қарапайым жұмысшы мамандардың адал терімен тікелей байланысты. Электрик, дәнекерлеуші, құрылысшы, механизатор, аспаз, тігінші секілді кәсіп иелері – қоғамның нағыз тірегі. Жұмысшы мамандықтарына сұраныс күн санап артып келеді. Әсіресе, өндірістік аймақтарда кәсіби шеберлігі жоғары, жауапкершілігі мол мамандар қажет. Бұл ретте, кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының маңызы зор. Мемлекет бұл бағытта колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, студенттердің тәжірибе алу мүмкіндіктерін кеңейтіп жатыр. Ең бастысы – жастардың санасында жұмысшы мамандығының абыройлы екенін қалыптастыру. Себебі тек ақ жағалылар ғана емес, қол еңбегімен елге пайда әкеліп жүрген азаматтар да мақтауға лайық. Жұмысшы – ел дамуының берік тірегі, қоғамның қозғаушы күші.
Ақниет Арыстан, белсенді жас