Ұлы Жеңіс – ұлы тарих, қасиетті рух

Биыл күллі адамзат баласы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуде. 1945 жылдың 9 мамырында аяқталған Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең сұрапыл, ең қасіретті соғыс болып қалды. Бұл жеңіс — тек бір елдің емес, әділет пен адамгершілік үшін күрескен бүкіл халықтардың ортақ жеңісі еді. Қазақстан халқы бұл соғыста ерекше ерлік танытты. Ел басына күн туғанда қазақтың талай ержүрек ұлдары мен қыздары майданға аттанып, қайсарлықпен шайқасты. Тылда қалған жұрт та аянбай еңбек етті — аштыққа, суыққа, ауыр тұрмысқа қарамастан, жауға қарсы тұрар бір оқ, бір шынжыр артық болсын деп, жанын салды. Майданда да, тылда да көрсетілген бұл жанқиярлық — бүгінгі ұрпаққа мирас болған ұлы ерлік. Біз бүгінде бейбіт аспан астында өмір сүріп отырсақ, ол — сол боздақтардың, сол аналардың, сол ұрпақтың арқасы. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — біз үшін тарихты еске алу ғана емес, оны бағалау, қастерлеу. Батыр бабалардың рухына тағзым етіп, олардың ерлігі мен аманатына адал болу — бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті борышы. Ұрпақтар алмасса да, Ұлы Жеңістің рухы — мәңгілік. Ол — жүректерде, естеліктерде, аталар мұрасында, самсаған медаль мен ордендерде, соғыс көрген көздерде сақтаулы.

Аян Естаева, Талдыбұлақ а/о тұрғыны

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *