Мәңгілік алау: Ұлы Жеңіске 80 жыл
2025 жылдың мамыр айы – адамзат тарихындағы ең ұлы оқиғалардың бірі саналатын Жеңістің 80 жылдығы. Бұл күн – тек күнтізбедегі қарапайым дата емес. Бұл – әрбір жанның жүрегіне мәңгілік жазылған, бейбіт өмірдің, азаттықтың және ерліктің белгісі. 1941–1945 жылдар аралығындағы Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қанды соғыстардың бірі болды. Миллиондаған адам осы соғыста қаза тапты, сан мыңдаған отбасы қайғы мен қасіретке душар болды. Бірақ дәл осы ауыр кезеңде ұлттар мен ұлыстар бірігіп, зұлымдыққа қарсы тұра білді. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Ол – қан мен тер, ерлік пен көз жасы арқылы келді. Қазақ даласы жауынгерлерді ғана емес, жүздеген мың эвакуацияланған халықты да бауырына басып, қамқорлық көрсетті. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова – қазақ халқының маңдайына біткен батырлар. Олардың есімі тарихта алтын әріппен жазулы.
Мархаба Атембекова, кітапханашы