Жеңіс күні – елдіктің символы

2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл – тарих бетінде алтын әріптермен жазылған, әрбір отбасының жүрегінде сақталған, батырлық пен ерліктің символына айналған ұлы күн. 1945 жылдың 9 мамыры – сан миллиондаған адамның жанқиярлықпен қорғаған бейбіт өмірінің бастауы болды. Жеңіс оңай келген жоқ. Қазақстаннан 1 миллионнан астам азамат соғысқа аттанып, олардың жартысынан көбі ұрыс даласынан оралмады. Соғыс жылдарында тыл еңбеккерлерінің де еңбегі ерен. Әйелдер, балалар, қарттар майдан үшін еңбек етті. Қазақстан даласы мыңдаған эвакуацияланған зауыт-фабрика мен жүздеген мың босқынға пана болды. Ел болып жұмылған сол кезең – халқымыздың бірлігі мен рухының мықтылығын көрсетті. Бүгінгі ұрпақ үшін Жеңістің 80 жылдығы – тек тарихи дата емес, өткенге тағзым, бүгінге тағылым. Бұл күн – ардагерлерге құрмет көрсетіп, бейбіт өмірдің қадірін түсінуге шақыратын рухани белес. Мектептерде ашық сабақтар, әскери-патриоттық шаралар, ардагерлермен кездесулер өткізіліп, ерлік тарихы жас буынға кеңінен насихатталуда.

Тасболат Сатбергенов,

Байдалы би а/о тұрғыны

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *