Жаңаарқада “Жеңіс алауы” челенджі өтті: Ұлы Жеңістің 80 жылдығына тағзым
Жаңаарқа ауданында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылған “Жеңіс алауы” атты патриоттық челендж өтті. Бұл тағылымды шараға Жаңаарқа мәдени-сауық орталығы, жас ұландар және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдері атсалысты.
Игі бастаманың мақсаты – сұрапыл соғыс жылдарында жанын пида етіп, еліміздің бостандығы мен бейбіт болашағы үшін күрескен батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтау.
“Жеңіс алауы” челенджі – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, ерлік пен елдіктің мәңгілік екенін ұғындырудың бір көрінісі.
Жаңаарқа ауданынан Екінші дүниежүзілік соғысқа үш мыңға жуық азамат аттанса, соның екі мыңға жуығы майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Қан майданда қайсарлық көрсеткен жауынгерлердің есімі бүгінгі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.
Іс-шара барысында жас ұландар жеңіс алауын жағып, ерлік пен отансүйгіштік рухты дәріптеді. Қатысушылар ата-әжелеріміздің, ел қорғаны болған ардагерлердің рухына тағзым етіп, үндеу жасады:
“Біз бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз! Арын жалау етіп, жанын алау етіп соғысқан батырларымыздың даңқы мәңгі жасасын!”
Бұл шара – өткен тарихқа тағзым, бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін ұғыну және болашаққа сеніммен қадам басудың айқын белгісі болды.