Бейбіт күннің бағасы
Биыл адамзат тарихындағы ең ірі қантөгістердің бірі — Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 80 жыл толып отыр. Бұл күн — тек тарихи дерек емес, ол әр халықтың жадында сақталған, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етілетін қасиетті күн. 1945 жылдың 9 мамыры — бейбітшілік пен ерліктің символы. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңға жуық адам аттанды. Олардың 600 мыңнан астамы майдан даласында қаза тапты. Батырларымыз Брест қамалынан бастап Берлинге дейінгі ауыр жолдан өтті. Кеңес Одағының Батыры атағын 500-ге жуық қазақстандық иеленді. Олардың ішінде Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Талғат Бигелдинов сынды ұлт мақтаныштары бар. Бүгінгі ұрпақ үшін Жеңіс күні — тарихқа тағзым ету, ерлікке бас ию. Бұл мереке арқылы біз өткенге құрмет көрсетіп, болашаққа бейбіт өмірдің маңызын ұқтырамыз. Соғыс ардагерлерінің қатары сиреп бара жатса да, олардың ерлігі мен өнегесі мәңгілік. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы — тек тарихи дата емес, ол — бейбітшілік пен еркіндік үшін жанын қиғандарға деген мәңгілік тағзым. Бұл күн әрдайым халқымыздың рухын көтеріп, отансүйгіштікке баулитын қасиетті мереке болып қала береді.
Нургуль Туганбаева,
Сейфуллин а/о тұрғыны