Президент Жолдауындағы бағыттар

Президенттің соңғы Жолдауындағы көтерілген негізгі екі бағыт – технологиялық жаңғыру мен жаһандық бәсекеге қабілеттілік, бұлар – ешқашанда маңызын жойып, күн тәртібінен түспейтін мәселелер. Заман, техника, технологиялар түрленген сайын, түсінігің, дайындығың өзгерген сайын олар жаңа сипат алып, әрбір өскелең ұрпақтың алдында өз заманының өктем талабы болып қайталанып тұрады. Жолдау ел азаматтарын, жастарды, кәсіпкерлерді жаңашылдыққа үндейді, инновациялық тәсілдерді кеңінен пайдаланып, еңбек өнімділігін қомақты түрде өсіруге шақырады. Ауылдық жерлерде мектеп, емхана, елді мекендерді абаттандыру, ауылдағы жол қатынастарын реттеу және басқа да мәселелер – тек мемлекет тарапынан қаржы бөлініп қана орындалуы мүмкін іс-шаралар. Мемлекет бағдарламаларында ауылдың осындай қажеттіліктері Үкімет тарапынан тиянақты түрде ескерілуі керек. Тағы бір кешеуілдетпей тиянақты түрде іске асыратын шаруа – кәсіпкерлікті, орта және шағын бизнесті қолдау. Орта және шағын бизнестің төмендеуі бұл жергілікті халықтың тұрмысының төмендеуі деген сөз. Сондықтан мұны тек алқалы жиындардағы әңгіменің арқауы ғана қылмай, әрбір басқарушы мекемелер онымен күнделікті айналысуы керек. Осы салада кездесетін кедергілерді жоюды жүйелі түрде қолға алған жөн. Қазір халық тұрмысын жақсартудың бірден-бір жолы – жер-жерлерде осы орта, шағын бизнесті қолдау. Ол үшін оларға несиеге қомақты қаржы бөлу қажет. Ақша болса елдегі ағайындар өз кәсібін өздері табады. Бізде кәсіпкерлікке кеңес беретін ұжымдар да бар. Заман талабының зор екендігін ұғып отырмыз. Алдағы іс-қимылдың жобасы бар, арнасы анық. Міне, егемендігіміздің екінші ширек ғасырында жүретін жолымызды осылай анықтап, алатын асуларды алыста болса да осылай межелеп отырмыз.

Ерік Ділдабеков,

жеке кәсіпкер

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *