Ұлытау облысында туберкулезге қарсы күрес бойынша ақпараттық науқандар басталды

 Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте туберкулезге қарсы күрес туралы маңызды ақпараттар жарияланды. Спикерлер, Ұлытау облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы орынбасары Елена Петровна Ткаченко және бас маман Ерлан Альмуханович Танабай облыс тұрғындарын туберкулездің алдын алу мен ерте диагностикадан өтуге шақырды.
  Қазақстанда туберкулез әлеуметтік маңызы бар аурулар тізбесіне кіреді, сондықтан оның емделуі мен диагностикасы тегін медициналық көмек шеңберінде қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, диспансерлік есепте тұрған және амбулаторлық емделіп жатқан туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастарға тұрмыстық жағдайларына байланысты біржолғы әлеуметтік көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
  2025 жылдың ақпан–наурыз айларында туберкулезге қарсы күрес жөніндегі әлемдік кампания өткізіледі. Айлықтың мақсаты – туберкулездің алғашқы белгілері мен оның алдын алу шаралары туралы халықтың хабардарлығын арттыру, медициналық көмекке уақтылы жүгіну мен ерте диагностикаға маңыз беру. Туберкулездің тиімді емделуі мен алдын алу шараларын күшейту ерекше назарда.
  Облыс бойынша 2024 жылы туберкулездің 111 жаңа жағдайы тіркелген, оның 62-сі бактерия бөлумен. Балалар мен жасөспірімдер арасында туберкулезбен сырқаттанушылықтың 1,8 есеге төмендегені байқалды. Бұл көрсеткіштің төмендеуі облыс көлемінде жүргізілген профилактикалық шаралардың тиімділігін көрсетеді.
2024 жылы әлеуметтік көмек көлемі ұлғайды. Амбулаторлық кезеңде емделушілерге 150 науқасқа 12 971,8 мың теңге бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты.
  Туберкулездің алдын алу бойынша жүргізілген шаралар:
• БЦЖ вакцинациясы: балалар туылғаннан кейін алғашқы күндері перзентханаларда жүргізіледі.
• Флюорографиялық тексерулер: халықты ерте диагностикадан өтуге шақыру мақсатында облыс бойынша қоғамдық орындарда, базарларда және сауда орталықтарында акциялар ұйымдастырылуда. Медициналық мекемелерде «Ашық есік» күндері өткізілуде.
  Салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану туберкулездің алдын алуда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, есірткі мен темекі шегуден бас тарту, жеке гигиенаны сақтау және адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу ұсынылады.
Туберкулезбен ауыратын адамдардың құқықтары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы қосымша ақпарат:
  Ұлытау облысында туберкулезбен ауыратын науқастарды қолдау және олардың құқықтарын қорғау бойынша тұрақты түрде жұмыстар жүргізілуде. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын науқастарды әлеуметтік қорғау үшін біржолғы ақшалай төлемдер және емдеу кезеңінде тегін медициналық көмек қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, науқастарға медициналық қызмет көрсету барысында психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі.
Туберкулезге шалдыққан адамдар үшін қолдау шараларының маңызы:
Туберкулезді емдеу мен профилактикалық шаралар тек медициналық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар психологиялық және әлеуметтік қолдауды да талап етеді. Қоғамдық жұмыстар мен науқастарды қоғамға интеграциялау іс-шараларын жүзеге асыру арқылы адамдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
  Туберкулез – емделетін ауру, сондықтан оның алдын алу және ерте диагностика жасау әркімнің өз қолында. Қоғамдық шараларға белсенді қатысып, медициналық тексеруден өтуді ұмытпаңыз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *