Спорт – кең ұғым

Жазиралы Жаңаарқамыздың атын шартарапқа танытқан спорт саңылақтарының есімдерін әрқашан мақтанышпен айтамыз. Атақты спортшыларымыздың есімдері мәңгі тарихта әрі санамызда жасай береді. Ол кісілердің ізін басып, ағаларының жетістіктерін жаңғыртып жатқан жастар бар.

Нүркеев Ақсұңқар Рабаниұлы спорт саласында алынған қамалдары көп, жігерлі жастардың бірі. Ақсұңқар өткен жылдың соңында Абай облысының Семей қаласында өткен дүбірлі бәсекеге спорттық самбодан 98 кг салмақ дәрежесінде чемпион атанып, спорт шебері атағын жеңіп алды. Кіл үздіктер мен жүйріктер шайқасында шашасына шаң жұқтырмай, жеңіс тұғырын бағындырған Ақсұңқардың бұл жеңісін сүйіншілемей отыра алмадық.
«Әр қазағым — жалғызым» демекші, әр жерлесіміздің жеңісі біз үшін мақтаныш, қуаныш. Осындай жеңістер аймағымызды дүйім жұртқа танытады, біздің ел азаматтарының білектілігін, мықтылығын паш етеді.
2009 жылы 19 жастағы бозбала Қарағандыдағы политехникалық университетте оқып жүрген кезінде, Е.Бөкетов атындағы университеттің дене шынықтыру факультетіне дайындыққа барады. Қазақ күресі және самбодан шыныққан Ақсұңқар 2011 жылы жастар арасында өткен облыстық біріншілікте жеңіске жетеді. Қазақ күресінен облыстық біріншіліктің жеңімпазы атанады.
Оқу аяқталған соң ауданға оралып, белгілі бапкер Сұлтан Тынысбаевтың қол астында жаттығуға келе бастайды. Талай үздік шәкірттерді тәрбиелеген Сұлтан аға Ақсұңқарға да үлкен үміт артып, ұстаздық етеді. Осы уақытта Ақсұңқар спорт саласындағы екінші белесіне аяқ басты деуге болады. Осы бапкердің тікелей ықпалымен «Сарыарқа» спартакиасының, облыстық біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы, республикалық турнирлердің жеңімпазы, «Сарыарқа барысының» абсолюттік салмақта ІІІ орын иегері атанды. 2016 жылы самбодан өткізілген Қазақстан біріншілігінде ІІ орын, 2019 жылы самбодан өткен Қазақстан Республикасының кубогында ІІ орын иеленеді. 2018-2019 жылы Қарағанды қаласында Закиров Абай деген кісінің қолдауымен «ЗакКар» спорт клубы ашылады. Клубта Абдишев Талғат деген бапкер екі жыл бойы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықты үзбейді. 2019 жылы конфедерация кубогында клуб құрамында өнер көрсеткен Ақсұңқар 90 кг салмақ дәрежесінде ІІІ орын алады. Конфедерация кубогы дегеніміз — барлық облыс бойынша құрылған спорт клубтарының күш сынасуы. Кілең азулылар бас қосқан бұл сынақта тек ең үздіктер ғана алдыңғы орыннан көрінетіні белгілі.

Бұл жарыстардың ішіндегі қомақтылары. Оның арасында қаншама айтылмай қалған үлкенді-кішілі дәрежедегі белдесулер бар.
-Спорт — адам денсаулығына оң әсер ететіні сөзсіз. Дегенмен спорттың адам өміріне әкелетін жағымды тұстары өте көп. Біріншіден, адам бәсекеге үйренеді. Жеңіске ұмтылады. Жеңіліс керісінше ширатады. Жеңістен кейін тағы үлкен жеңіске ұмтыласыз. Көптеген таныстықтар болады. Өз аймағымыздан бөлек, басқа облыстардан, өзге республикалардан қызығушылығы бір достар табасыз. Боз кілем үстінде қарсылас болса да, жеке өмірде жақсы қатынаста боласыз. Бауырмалдыққа, жанашырлыққа, бірлікке, сыйластыққа үйренесіз. Көзқарасыңыз кеңейеді. Сондықтан спорт тек ағзаны, денені ғана емес, адамның миын, санасын дамытады. Спорт — кең ұғым,-дейді Ақсұңқар өз сөзінде.

Ақсұңқардың әкесі Нүркеев Раббани Әбілқайұлы — жеке кәсіпкер, құрылысшы-архитектор, Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Анасы — Нүркеева Гүлнәр — жеке кәсіпкер. Әпкесі — Динара, заң факультетінің түлегі, бүгінгі күні докторлық диссертациясын қорғауға дайындық үстінде. Қарындасы — Дариға Алматы қаласында тұрмыста, белгілі блогер. Жұбайы — Диананың мамандығы информатик, О.Жұмабеков атындағы мектепте роботехника пәнінен сабақ береді. Екі баласы Баянсұлу мен Исмайыл әлі кішкентай. Әкесі балалары өскенде спортты таңдаса қуанбаса, ренжімейтінін айтады.
-Адамның жеңіске жетуіне әрине бірінші өзінің қарым-қабілеті, күш-қайраты әсер етеді. Екіншіден, жақын адамдары, туған-туыстары, бапкерлері ықпал етеді. Осы орайда, спорт шебері атағын алуыма көп көмегін тигізген бапкер Есім Ізтөлеуовке алғыс айтқым келеді. Ол кісі жарыста жетекшілік етіп, менің әр іс-әрекетіме басшылық жасады. Ол әрекеттер жеңіске жетуіме себеп болды,-деді Ақсұңқар сөзін түйіндеп.
Ақсұңқар бүгінде ауданымызда ашылған бассейн директорының орынбасары болып тағайындалды. Сүйікті спортынан қол үзбей, бір жағынан өзінің негізгі жұмысын да спортпен байланыстырып отыр. Жас спортшының қанжығасы әлі де талай жетістіктер мен жеңістермен майланатынына сенімдіміз.

Салтанат Балтабайқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *