Індетпен күрес жолдары
Жезөкшелік – бұл қазіргі күні өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Демократиялық құқықтық мемлекет құруға бет бұрған еліміз осынау ұлы мақсатына жету үшін қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің күнгей жағымен қатар, көлеңкелі тұстарын да көре білуі керек.
Оның пайда болу себебін анықтау және оны жоюды жолын іздестіру бүгінгі күннің талабына айналып отыр. Қоғамымызда белең алған теріс құбылыстардың бірі жезөкшелік болып отыр. Соның негізінде жеңгетайлық, қорда ұстаушылық және бұл кәсіпті коммерцияға айналдыру кең тамыр жайып, пайдақорлықты көздеген адамдар тобы үшін пайдалы кәсіпке айнала бастады. Көптеген дамыған, дамушы елдер осы бағытта заң актілеріне тиісті өзгерістер енгізген. Жезөкшелікпен күрес бүкілхалықтық, әрі мемлекеттік маңызы бар іс. Сондықтан бұл бағытта кешенді бағдарлама жасалып, оны жүзеге асыру үшін қажетті қаржы мөлшері бөліну керек-ақ.
Жезөкшелікке қарсы үгіт-насихат жұмыстарымен қатар жезөкшеліктен пайда болатын түрлі аурулардың алдын алу тәрізді медициналық шаралар да ұйымдасқан түрде жүргізілуі тиіс. «Қызға қырық үйден тыйым салу» тәрізді халық педагогикасын қайта жандандырудың қажеттілігі байқалады. Жезөкшеліктің алдын алу үшін төмендегі ұйымдастырушылық- құқықтық шараларды ұйымдастыруға болады: өмірде қиын жағдайға ұшыраған әйелдер мен жасөспірімдерге әлеуметтік көмек ретінде арнайы бейімделген орталықтар ашу; жезөкшелікпен және жезөкшелікке бейім әйелдермен тәрбиелік жұмыстарды жүргізуді Қазақстан әйелдері қауымдастығының құзіретіне беру керек; жезөкшелікпен қарсы күрес жүргізетін арнайы адамгершілік позициясын құру; жезөкшеліктің адам, қоғам, мемлекет мүддесі үшін зиянды жағын бейнелейтін көрнекті құралдарды шығарып, жұртшылықты таныстыру; тәрбие, оқу мекемелерінде жезөкшелікке қарсы бағыттайтын оқу құралдарын, түсінік жұмыстарын, оқу бағдарламаларына енгізіп, жастарды бұл қауіпті кеселден сақтандыру; жезөкшелікпен айналысқаны үшін Әкімшілік айыппұл мөлшерін өсіру, қайталанған жағдайда қылмыстық жауаптылыққа тарту бабын енгізу; жезөкшелікпен күрес бағытында нормативтік құқықтық актілер қабылдау.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша