МЕМОРАНДУМ МЕРЕЙДІ ӨСІРЕ МЕ?

Ұлытау облысы құрылған сәтте «Қазақмыс» корпорациясы жаңа облысты қолтығынан демеп, қолдауға әзір екендігін танытқан еді. Бұл келісім Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында бекітілген. Бүгін осы құжат негізінде орындалған жұмыс, атқарылған іс талқыланды.

Облыс орталығы Жезқазған қаласында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы мен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет НҰРИЕВТІҢ қатысуымен кеңес өтіп, онда Меморандум аясында атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын істер таразыланды.

Келелі іс кедергісіз шешіле ме? Игі бастама иірімінде қандай да бір кедергі мен қиындықтың болатыны бесенеден белгілі. Екіжақты талқылау барысында осы кедергілер түйінін тарқатып, осы жылда атқарылуға тиісті шаралар барысы кеңінен сөз болды.

Жаңа облыстың жағдайын көтеріп, келбетін келістіруге «Қазақмыс» корпорациясының демеушілігімен бөлінетін қаржы – қомақты. Мәселен, 35 млрд. теңгеге 22 жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жобалар Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданында жүзеге асырылатын болады. Бұл сомаға өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, абаттандыру, жалпы, коммуналдық саланы жаңғырту көзделген.

Бүгінгі кеңесте іргелі жобаларды жүзеге асыру кестесі бекітіліп, биылғы жылға жоспарланған жұмыс барысы пысықталды. Меморандум негізінде «Қазақмыс» корпорациясы мен жергілікті атқарушы билік арасындағы өзара іс-қимыл тетіктері бекітілген. Осы мәселе де назардан тыс қалған жоқ.

Бизнестік әлеуметтік серіктестігі бойынша «Қазақмыс» басшылығы Ұлытау облысының өркендеп-дамуына өздерінің сүбелі үлесін қосуға ниетті. Өткен жылдың қол қойылған Меморандумның мақсаты да – осы. Ендеше, биылғы жылы атқарылар ортақ іс пен орасан игілікке сәттілік тілейік. Меморандум мерейді өсіре ме? Қарапайым халық осы сұраққа жауап іздейді. Ал, оның жауабы бүгінгі кеңесте беріліп, түйткілдің түйіні тарқағандай. Ел күдігін сейілткен ірі жобалар қолға алынады.

Нұргүл ШАМАЕВА,
облыстық «SARYARQA» газетінің Жаңаарқадағы меншікті тілшісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *