Атом электр стансасын салу бойынша жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді.
Бүгін Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауы барысында Президент осындай мәлімдеме жасады. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. Сондай-ақ ел дамытуы үшін тағы қандай шаралар қолға алынуы тиіс?
Энергетикалық саясатты картаның ойынына баласақ, бұл жерде әрбір фигура маңызды. Қолда бар көмір, жел, су, күн және газдан қайнар алатын стансалар елдегі энергетикалық тапшылықты шешуге сеп. Бірақ қуат көзіне стратегиялық тәуелділік мәселесін шешіп беретін Тұз көзір болса, ол — атом энергиясы.
Бүгінгі жолдау күнінің басты жаңалығы бәлки осы да болар, Қасым-Жомарт Тоқаев халықтық таңдаудың күнін атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр станциясы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын. Атом электр станциясын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Әртүрлі пікірлер ескерілуі керек, әртүрлі пікірлер болады. Жақтайтындар болады, жақтамайтындар болады. Оң немесе теріс шешімді қабылдау ол ертең референдумда іске асады деп ойлаймын. Халық өзінің таңдауын жасауы керек.
Исина Айгүл Үмбетжановна — Жаңаарқа ауданы мәслихатының депутаты