Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан: АЭС құрылысы, қарусыздану, электр тасымалдау мен экономикалық өсім болжамы
Тамыздың соңғы аптасында жаһандағы ақпарат таратушы интернет-басылымдар Қазақстандағы көп жайға үңілді. Олардың арасында АЭС құрылысы ерекше аталған. Ал Біріккен ұлттар ұйымы Бас хатшысының қарусыздану мәселелері бойынша орынбасары Изуми Накамицудың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінде Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы айтылды. Сондай-ақ көрші елден электр энергиясын импорттау жайы мен экономикалық өсім болжанған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Centralasia: Қазақстан Үкіметі АЭС құрылысы туралы референдумды бекітті
2023 жылдың күзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысын аса маңызды мәселе деп атады. Осыған орай Қазақстан Үкіметі атом электр станциясын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өткізу туралы қаулы қабылдады. Бұл хабарды Centralasia таратты.
Қазір референдум өткізу бастамасы қоғамдық сұраныс болып тұр. Себебі АЭС салу идеясы атом саласының мамандары арасында да, халық арасында да қолдау табуда. Алайда қоғам қайраткерлері мен экоактивистер арасында қарсылық бар.
– Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе, – деді 2023 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қазақстан президенті.
Бұған дейін зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша Алматы облысының Үлкен ауылы АЭС салу үшін ең қолайлы орын болып таңдалды. Станцияны суыту үшін Балқаш көлінің суын пайдалану жоспарланған, бұл сарапшылар арасында қызу талқыланған. Олардың кейбіреуі көлдегі су деңгейінің төмендеуі ірі АЭС жұмысы үшін қиын болуы мүмкін деп қауіптеніп, шағын реакторлы станциялар салуды ұсынып отыр.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, бір энергоблоктың құрылысы 10 жылға созылып, 5 млрд долларға шығуы мүмкін.
Anadolu: Тоқаев БҰҰ-ның өзекті мәселелерді шешуде баламасы жоқ екенін атап өтті
Қазақстан жаппай қырып-жоюға қарсы, қарусыздандыру мен оны таратпауға қатысты принципті ұстанады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкілі Изуми Накамицудің кездесуі барысында Қазақстанның өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісінде БҰҰ институттарымен жан-жақты ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. Бұл жаңалықты Anadolu агенттігі жазды.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Тоқаев БҰҰ бас хатшысының орынбасары, қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкіл Изуми Накамицаны қабылдап, БҰҰ-ның жаһандағы өзекті проблемаларды шешудегі айрықша рөлін атап өткен.
– Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар тұрғысынан алғанда, бұл мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы арта түсті. Мұның алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Ертең біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеміз. Бұл – бүкіл адамзат баласына ядролық сынақтар жүргізудің әрі ядролық қаруды қолданудың қауіпті екенін еске салатын өте маңызды дата. Еліміз БҰҰ институттарымен тығыз байланыс орнатуға бейіл әрі Ұйымды баламасы жоқ, әмбебап халықаралық құрылым ретінде қарастырады, – деді Президент.
Изуми Накамицу өз кезегінде Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудың жаһандық үдерісіндегі көшбасшылығын, сондай-ақ елдің орта держава ретіндегі өсіп келе жатқанын жоғары бағалады.
Trend: Қазақстан Тәжікстаннан электр энергиясын импорттауды жоспарлауда
Бұл мәселені Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Тәжікстан премьер-министрінің орынбасары Усмонзода Усмонали және Тәжікстан энергетика және су ресурстары министрінің орынбасары Манучехр Сафарзода бірлесіп талқылаған. Жаңалықты Trend жазды.
Былтыр Қазақстан мен Тәжікстан 2023-2032 жылдары Рогун ГЭС өндіретін электр энергиясын жеткізу бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
– Меморандум аясында жоспарланған Рогун ГЭС-інен Қазақстанға электр энергиясын экспорттаудың техникалық параметрлері мен коммерциялық шарттарын Өзбекстан Республикасының электр желілері арқылы іске асырамыз. Электр энергиясы транзитінің техникалық мүмкіндіктері мен келісілген режимдерін ескере отырып, қарарға қанағаттанғанымызды айтамыз, – деген Сәтқалиев.
Министрліктің мәліметінше, тараптар Орталық Азия елдерінің мүдделі ұйымдарымен 2024 жылдың 15 қазанына дейін электр энергиясының жоспардан тыс ағындарын реттеу үшін шарттар жасасу мүмкіндігін пысықтауға келісті.
Daryo: Қазақстан 2029 жылға қарай экономика өсімін екі есеге арттыруды жоспарлауда
Қазақстан 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың өсу көрсеткіштерін екі еселеу мақсатын қойды. Бұл ақпаратты Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сілтеме жасай отырып, Daryo таратты.
Болжам халықаралық ұйымдардың бағалауына және әлемдік нарықтардағы ахуалды талдауға негізделген. Құжатта мұнай бағасына байланысты ерекшеленетін дамудың үш сценарийі көзделген.
Базалық сценарийде мұнайдың бір баррелі үшін орташа баға 75 доллар. Егер баға болжағандай осы шамада болса, 2025 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,6 пайызды құрайды. Ал бес жылдық кезеңде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,4 пайызға жетпек.
Сонымен қатар болжам өңдеу және тау-кен өнеркәсібін, сондай-ақ мұнай өндіруді қоса алғанда, экономиканың барлық секторларында тұрақты өсімді көздейді. 2025 жылы инфляция 5,5-7,5 пайыздан 2027 жылға дейінгі кезеңде біртіндеп 5 пайызға дейін төмендеуге тиіс.
2025-2027 жылдарға арналған бюджеттік болжам республикалық бюджеттің кірістері мен шығыстарын ұлғайтуды, әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін нысаналы трансферт бөлуді және бюджет тапшылығын біртіндеп төмендетуді көздейді.
Бұрын хабарланғандай, 2023 жылы Қазақстанда орташа табыс күніне 10,42 доллар құраған. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 041 долларға жетті. Адами даму индексі 0,81 деңгейінде тіркелген. Тұрақты экономикалық өсудің арқасында Қазақстан кедейлік деңгейін 0,01 пайызға дейін қысқартыпты.