МӘМС БАЛА СҮЮ БАҚЫТЫН СЫЙЛАЙДЫ
Елімізде әрбір алтыншы жұп сәби сүюді армандайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, қазір елімізде 15 мың ерлі-зайыпты бедеулік диагнозымен есепте тұр. Ал, Ұлытау облысында ұрпақсыз есепте тұрған 144 отбасының ендігі үміті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Аңсаған сәби» бағдарламасында. Экстракорпоралдық ұрықтандыруға бөлінген квотаны кімдер және қалай ала алады деген өзекті сұрақтардың жауабын әлеу-меттік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы директоры Әлия Байтоковадан білдік.
Бұл емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диагнозы қойылған 18-ден 42 жасқа дейінгі пациенттерге арналған. Оған қазақстандық отбасылық жұптар қатыса алады.
МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. Талпынысы сәтсіз аяқталған жағдайда әйел қайтадан кезекке тұра алады.
Бүгінде елімізде 19 клиника (1 мемлекеттік және 18 жекеменшік) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде жұмыс істейді.
Жыл сайын квоталар аймақтарға сәйкес бөлінеді. Былтыр біздің облысқа 91 квота, биыл 700 квота бөлінген.
Айта кету керек, пациент Қор сайтына кіріп, клиниканы өзі таңдай алады. Ол үшін fms.kz ресми сайтында «Пациент үшін», ары қарай «Клиниканы таңдау» батырмасын басып, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізбесін» ашу керек. Ол жерде клиникалардың тізімі, мекенжайы және телефоны көрсетілген.
Процедура МӘМС аясында тегін жасалатын болғандықтан, квота алғысы келетін пациенттің мәртебесі сақтандырылған болуы тиіс. Тегін жолдама алу үшін алдымен сәби сүйгісі келетін жұп репродуктологтың кеңесіне баруы керек. Оған жолдаманы өз емханасындағы гинеколог береді. Қажетті тексерілулерден соң, пациенттің ЭКҰ жасауға көрсеткіштері сай келсе, құжаттарды жинап, дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтеді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда, жұп кезекке тұрады.
Жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы сынды жағдайларда пациентке экстракорпоральды ұрықтандыру жүргізілмейді.
Әлия Жұмағұлқызының айтуынша МӘМС шеңберінде экстракорпоралдық ұрықтандыру арқылы 2023 жылы Ұлытау облысында 26 отбасы бала сүю бақытына кенелген.
ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН