Ұлытау облысында келесі жылыту маусымына арналған іс-шаралар жоспары әзірленді.
Биыл облыста екі жаңа қазандықты іске қосу жоспарда бар.
Оның бірі Жезқазғандағы батыс ауданның әлеуметтік нысандарына арналған, екіншісінің құрылысы Жаңаарқа ауданында басталды. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы жылу желілерін жаңарту жұмыстары және қазандықтардың құрылысы өңір бойынша толық аяқталмай, жылу тапшылығы орын алуы мүмкін екенін ескертіп, жаңа маусымға дайындық шараларын қазірден күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
«Былтыр облыс бойынша 84.7 шақырым жылу желілері жөнделді. Аталған жұмыстар биыл да жалғасады. Жоба толық аяқталмай, қазандықтардың жөндеу жұмыстарын бітірмей, 100% пайыз жылу маусымына дайынбыз деп айтуға болмайды. Биыл Жезқазғандағы жылу электро орталығында екі қазандық жөндеуден өтуі тиіс. Оның кестеге сай жүруін бақылауда ұстап отырмыз. Себебі жылу электро орталықтары жекеменшік ұйым болғанымен, жауапкершілігі әкімдіктің мойнында», — деді өңір басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ жиында Жезқазған жылу орталығының директоры Тимур Қапизов алдағы жылу кезеңіне облыс орталығы 7 қазандықпен дайын болатынын айтты.
Сонымен қатар, өңір басшысы әртүрлі себепті негізге алып ыстық суды сөндіретін ұйым жұмысын сынға алып, аса қатты қажеттілік туындамаған жағдайда тіршілік нәрінің берілуін үзбеуді тапсырды.