Шыншыл ақынға – шынайы құрмет

Белгілі ақын, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құрметті профессоры атанды. Осыған орай іргелі оқу ордасының төрінде шыншыл ақынмен келелі кездесу ұйымдастырылды. Салтанатты шарада жас өнерпаздар ақынның рухты жырларын оқып, сөзіне жазылған сырлы әндерін шырқады.

Иә, Мұхтар Шахановтың болмысы туралы кереғар пікірлер көп. Ол – ақын. Қаламды жанына серік еткен көптің бірі емес, шындық жолында күресіп, ұлттық мүддені ту етіп көтерген тұлға. Тәуелсіздік бастауындай болған Желтоқсан көтерілісінің шындығын бар әлемге паш етіп, арнайы комиссия құрылуына, қызылдар үкіметі жасырып қалуға тырысқан қылмыстардың ашылуына ықпал еткен жан. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ұлттық мүдденің аяқасты болмауына да көп еңбегін сіңірді. Осы жолда жүріп халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді. Әйтсе де қолында билік тізгіні бар жандардың кәріне ілініп, «елемеу» деген ең үлкен жазаға ілінген кездерді де бастан өткерген. Дей тұрғанмен ақын құрмет пен қошеметтен құралақан қалып қойды деп тағы айта алмайсыз. Бүгінге дейін түрлі деңгейдегі жеті мыңнан астам марапат алып, өлеңдері әлемнің 200 тіліне аударылып жарыққа шығыпты. Күні кеше ғана Ұлытау жерінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғаны тағы бар.

Хош, әуелгі сөзге оралсақ. Қарағанды университеті студенттерінің ақынмен кездесуге тынғылықты дайындалғаны әрі асыға күткені аңғарылады. Залда ине шаншар орын жоқ. Солай екен деп кері айналып шығып кеткендерді және көрмедік. Отыратын орын таппаған жастар тікесінен-тік тұрып рухани кешті соңына дейін тамашалады. Арасында орындарынан суырыла тұрып ақын өлеңдерін жатқа оқыған жастар да болды және бұл әрекеттері кештің шырайын кіргізіп, рухын аша түсті.

Шығармашылық кештің соңында сахна төріне университет ректоры Нұрлан Дулатбеков шақырылды. Мұхтар Шахановқа Қарағанды жеріне арнайы келгені үшін алғыс айтқан Нұрлан Орынбасарұлы да ақын шығармашылығынан бірнеше өлеңді нақышына келтіре орындап, қалың көпшіліктің ыстық ықыласына бөленгенін де айта кеткен жөн. Осыдан соң халық жазушысы атанған ақынға «Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің құрметті профессоры» атағын салтанатты түрде табыстады.

– Мен бар өмірімді шындық үшін күресуге арнаған жанмын. Қазір барлық жерде Ырбигүлдер мен Жырбигүлдердің сөзі өтіп тұр. Қай телеарнаны көрсең де, солардың әнін беріп жатады. Кезінде Гитлерден: «Жаулап алған елдерге қарсы қандай саясат қолданамыз?» – деп сұрапты. Сол кезде: «Оларға ертеден кешке дейін жеңіл музыка бере беру керек. Ойлануға, кітап оқуға шектеу қою қажет. Өйткені адам неғұрлым рухани таяз болса, соғұрлым басқаруға оңай көнеді», – деп жауап берген екен. Қазір оның бұл саясаты күллі дүниежүзінде жүзеге асты. Қайда барсаң да, арзан ән басып алған, – деген Мұхтар Шаханов сөзін өз шығармашылығындағы таңдаулы өлеңдерін оқумен өрбітті.

Сондай-ақ жастарға ақын ақылын айтты. Оның ішінде ақындық жолды таңдап, қолына қалам ұстап талпынып жүрген студенттерге ұдайы ізденуді, арзан ұйқас қумай, терең ойды оята білуді және шынайы поэзия жазуды тапсырды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *