Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл толып отыр

 

Байлығымен, елінің жайлылығымен ерекшеленген кең байтақ даланы мекендеген ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар бойына талай басқыншылықты басынан кешті. Қаншама қалалар мәдени орталықтар қиратылды, жазықсыз жандар құрбан болып, өлшеусіз қан төгілді. Жер ананың аялы алақанында аман қалған әрбір отбасынан рулы ел тарап, халық қашанда еңсесін көтеріп, ел болып дамитын. Ата — бабамыз осындай ұланғайыр жерді ақ найзасының ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан- ұрпаққа мұра етті. Дархан далаға назарын салғандар да, үлесін алғандар да найзасын безеп шабынғандар да, таңдай қағып табынғандар да болды. Азулылар айқаса кетіп айлалылар арманына жетіп, еліміз бодандық бұғауына тұншықты. Еркіндік елеске, азаттық келмеске кеткен заманда болды…
Тар қапастан торыққан тұтас бір елге тағдыр тосын сый жасады. Ұлы жаратушының шешімі әділ болды. Тілі мен діні, ділі мен мінезі уақыттың қатерлі тұсына келген, енді аттаса, заман жарқабағынан құлау қарсаңында –мүлдем жойылу, тарих аренасынан сызылып кету қауіпі алдында тұрған қазақ халқына жиырмасыншы ғасырдың соңы ерекше тағдыр сыйлады. Ғасырлар бойы «аттың жалы, түйенің шаңында жүріп» дербес ел болуды көксеген кемеңгер ойлы, кесек тұлғалы көсемдеріміз бен шешендеріміздің рухы бір-бір аунап, қазақтың ұлан байтақ даласына Тәуелсіздік дейтін қыран кескінді, алтын қанатты киелі құс келіп қонды.
Осындай ауыр кезеңдерде бірігіп ел болып шыққан халқымыздың тәуелсіздігіне 32 жыл толуда. Бүгінде қазақтың бақ-берекесі, жөн жоралғысы, дәстүр-салты бәрі — тарих. Қазақстан Республикасы зайырлы, өз алдына жеке ел болған мемлекет. Ал, қаймағы бұзылмаған қазағымыздың тәуелсіздігі жайлы, өткерген ауыр кезеңдері өшпес тарих. Өскелең ұрпақ тәуелсіздік тәтті дәмінің қандай қиыншылықпен келгенін ешқашан ұмытпай ұлықтап, болашаққа нық қадам жасай алатыны шексіз қуанышқа кеңелтеді. Көк туымыз көк аспанмен таласып, көкте желбіреп тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Айдос Ғалымов,
Қазақ күресінен Әлем Чемпионы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *