Құрметті жерлестер, қадірлі қауым!
Еліміздің басты мерекесі саналатын Республика күні баршамызға құтты болсын! Бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Егемендіктің алғашқы хабаршысы болған еліміздің егемендігі туралы декларация қабылданған күн былтыр Ұлытау төрінде өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының бастамасымен Ұлттық мереке болып қайта оралды.
Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Кеңестер одағы құрамында елдің саяси еркіндігімен қатар, экономикалық жүйесі, өндірістік әлеуеті толықтай Мәскеуге тәуелді болып, ұлттық мемлекеттердің шешім қабылдау мүмкіндіктері шектеліп келді. Тек 80-жылдардың соңында пайда бола бастаған саяси жылымық Одаққа мүше елдердің бірінен соң бірі егемендігін жариялауына негіз қалады.
1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларация – шын мәнінде Тәуелсіздік жолында жасалған алғашқы қадам болды. Ол декларацияда алғаш рет ұлттық мүдде тұрғысынан маңызды бастамалар ресми құжатқа енді. Ұлттық мемлекеттіліктің негізі ретінде қазақ ұлтының тілі, мәдениеті мен дәстүрін жаңғырту айқындалды.
Декларация сонымен қатар, ұлтына, дініне, әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына қарамастан Республика аумағында тұратын барлық азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берді. Қазақстан халқы егемендіктің иесі және биліктің қайнар көзі деп жарияланды. Бұл нормалар кейін ел Конституциясына еніп, мемлекеттілігіміздің негізгі құндылығы ретінде орнықты.
Құрметті жерлестер!
Егемендіктің арқасында ана тілімізді дамыту, төл тарихымызды таныту жолында қыруар жұмыстар атқарылды. Мәдени мұраны дәріптеу, дәстүрлі құндылықтарымызды қайта орнықтыруға мемлекеттік деңгейде ден қойылды.
Тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан экономикалық, саяси жаңару процестерін де үздіксіз бастан кешуде. Уақыт талабы, қоғам сұранысына сай елімізде түрлі сипаттағы экономикалық реформалар жүзеге асып, саяси жаңғыруды мақсат еткен түбегейлі өзгерістер орын алды. Былтыр елде конституциялық реформа жасалып, мемлекеттік басқару жүйесі жетілдірілді. Мемлекет басшысының шешімімен, әкімшілік-аумақтық реформа іске асып, елімізде жаңа үш облыс құрылды. Жаңа облыстардың құрылуы – тек саяси сұраныс, экономикалық қажеттілік қана емес, ең бастысы тарихи әділдіктің көрінісі болды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады». Елдің егемендігін нығайтып, экономикалық әлеуетін арттыруда өз ісіне адал, кәсіби білікті азаматтардың орны ерекше. Әрбір еңбек адамы Қазақстанның дамуына сүбелі үлес қосуда. Ол азаматтар Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшылығы тарапынан әділ бағасын алып, биік марапаттарға ие болуда. Бұл да – Әділдік қағидаттарының күнделікті өмірімізге берік орнығып жатқанының айғағы. Бүгін осы залда бірқатар жерлестерімізге мемлекеттік наградаларды, «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атағын табыстайтын боламыз.
Ардақты ағайын, қадірлі қауым!
Бабалар аңсаған егемендікке, талай арыстарымыз тар жол, тайғақ кешіп күрескен Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ендігі міндет – сол Егемендіктің қасиетін терең ұғынып, Тәуелсіздік туын биік ұстау. Ол жолда әрбірімізге артылар жүк ауыр. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген дана халқымыз. Бірлігі жарасқан, берекесі тасыған қоғам ғана алға басып, дамудың даңғыл жолына түседі. Еліміздің дамуы мен ары қарай көркеюіне Ұлытау облысының азаматтары да айтулы үлес қосарына сенімім кәміл. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен өңірімізде қолға алынған игі бастамалардың сәтті жүзеге асуы үшін жұдырықтай жұмылып әрекет етуіміз қажет.
Ұлттық мереке Республика күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің бірлігі артып, абыройы мәңгі асқақ болсын дегіміз келеді. Осы еліміз үшін қастерлі мерекеде сіздерге мықты денсаулық, ырыс-береке тілейміз! Еліміздің егемендігі баянды болсын!
Құрметпен,
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы
Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов