Президент реформалары: Айқын бағыттар Ел өміріне елеулі өзгерістер әкелді
Ел болашағы – мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақтың қолында, мемлекет дамуы орныққан реформа арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – халықтың тұрмыс тіршілігін жақсарту, өмір сапасын мен табысын арттыру болып табылады. Соңғы жылдары елдегі саяси, экономикалық реформалардың барлығы мемлекеттің дамуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын күшейтуге, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің қалыптасуына, түптеп келгенде азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін жасалып жатқаны анық.
Бір ұлт, бір тағдыр, бір мемлекет болғаннан кейін, ел ішіндегі әрбір халықтың Жолдау негізінде жұмыс жасауы маңызды.
Жақында Президент жыл сайынғы халыққа Жолдауын жасап, жаңа экономикалық бағытты айқындады. Сонымен қатар, өзекті деген бірнеше проблеманың шешімін ұсынды.
Қысқа атап өтетін болсақ, мысалы бизнеске қатысты. Кәсіпкерлерді мазалаған қосылған құн салығының машақаты. Енді Президент тапсырмасымен салық есептілігінің нысандары 30% қысқартылады.
Сондай-ақ, елімізде су ресурстары және ирригация министрлігі мен көлік министрлігі қайта құрылды. Су мен жол да үлкен маңызға ие. Жеріміз кең, ал жол сапасы сын көтермейді десек болады. Одан бөлек жолдағы өлім-жітім саны да аз емес. Бұл туралы сәуір айында «Respublica»партиясының депутаттары сауал жолдап, проблеманы ашып көрсеткен болатын. Сондықтан көлік министрлігін қайтару оң шешім болды деп есептеймін.
«Отбасы банктің» басты назарында облыс орталықтары емес, аудандарға, моно-қалаларға және ауылдарға көңіл бөлінетіні аса қуантады.
АЭС мәселесіне қатысты қоғамда қызу талқы. Тиісті мемлекеттік орган ақпараттық жұмысты жеткілікті деңгейде орындай алмауының себебі деп білемін. Осы орайда Президенттің референдум болатынын хабарлағаны халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын растап отыр.
Техникалық мамандардың тапшылығы. Бұл проблеманы шешу мақсатында Президент осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн екенін атап өтті. Шешім ретінде оқу орындары жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнату қажеттігін қолдаймын.
Сонымен қатар, машина-трактор паркінің тозуы. Ол ауылшаруашылық техникасын жаңарту көрсеткішін жылына 8-10 пайызға дейін арттыру керектігін мәлімдеді. Бұл ретте отандық техника өндірушілердің де, шаруалардың да мүддесін ескеру қажет.
Жалпы, жолдау көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді деп ойлаймын. Біз «Respublica» партиясы жаңа маусымда жаңа леппен жұмысымызды жалғастырамыз.
Жанат Ізтілеуов,
«Respublica» партиясының
Ұлытау облысы бойынша төрағасы .