Жол – ел мен елдi байланыстырып тұрған күре тамыр
Күре жол деген – Қазақстанның қан тамыры сияқты. Алысты жақындататын – жол, қазіргі заманда тақ тұяқты тұлпарлардың орнына, төрт дөңгелекті көлік жүргіншілері көп. Мемлекеттің басты тапсырмасы қалалар мен аудандардың, Республика мен барлық өңірлердің ортасындағы жолдың сапалы салынып, қолданысқа берілуі керектігі. Осы орайда республикалық маңызы бар күре жолдың бойында орналасқан Ұлытау облысында салынған жолдардың сапасы жайлы білмек үшін арнайы облысымызда жаңадан құрылған мекеме Ұлытау облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК филиалының директоры Шубеков Азамат Амангелдіұлымен жүздесіп, сұхбат алдық.
-Азамат Амангелдіұлы Сіз басқарып отырған мекемінің құрылымы және қызметі жайлы таныстырып өтсеңіз?
-Біздің мекеме 2023 жылдың көктемінде жұмысын бастады. Ұлытау облысы бойынша «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК филиалы болып табылады. Филиал қызметінің негізгі түрлері елді мекендердің автомобиль жолдары мен көшелерін жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына іріктемелі сараптама жасау, елді мекендердің автомобиль жолдары мен көшелерін орташа жөндеу жөніндегі жобаларға ведомстволық сараптама жасау болып табылады.
-Аталмыш мекеменің жұмыс жасап жатқанына жарты жылдан астам уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде қандай жұмыстар атқарылды және жол салуға ниетті мекемелердің жұмысына бақылау жасадыңыздар ма?
-Әрине жергілікті атқарушы органдармен келісім жасап, сол арқылы жол сапасын тексеруге шығамыз. Филиал жергілікті атқарушы мемлекеттік органдармен жөндеу объектілеріндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына іріктеп сараптама жүргізу жөнінде шарттар жасаймыз. Жасалған шарттарға сәйкес қызметкерлер 187 инспекциялық тексеріске шықты. Инспекциялық тексеру нәтижелері бойынша 46 ескерту анықталды. Негізінен ақаулар мен ескертулер облыстық, аудандық және қалалық жолдардың объектілері бойынша анықталады. Филиал тарапынан жол салудағы талапты бұзушылықтар мен ақаулар анықталған кезде тапсырыс берушілерге ақаулар мен бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы нұсқама хаттар жіберіледі. Тапсырыс берушілер
анықталған ескертулерді жою жөнінде тиісті шаралар қабылдайды.
-Осы орайда нақты ақпарат бере аласыз ба? Сынамалар саны сапасы бойынша?
-Жыл басынан бері жол-құрылыс материалдарының 317 сынамасы алынды. Сыналған 317 сынаманың 20%-ы жол құрылыс материалдары сынамаларының нормативтік-техникалық құжаттардың нормаларына сәйкес келмейді. Тапсырыс берушілер мердігер ұйымдармен бірлесіп жол-құрылыс материалдарының сәйкес келмейтін сынамаларын ауыстыруды және жою жұмыстарын жүргізеді. Негізінен сәйкессіздік ауылдық округтердің, кенттің көшелерінің ішіндегі, аудандық, облыстық маңызы бар автожолдардағы жөндеу объектілерінде тығыздау, сумен қанықтыру және инертті материал бойынша асфальтбетон жабынынан жасалған өнімдер бойынша анықталады. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу объектілеріндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама, сондай-ақ шығу бойынша қызметтерді жүргізу мониторингі «ЖАСҰО» ШЖҚ РМК-ның Ұлытау облысы бойынша филиалының күнделікті бақылауында болады.
-Жол – ел мен елдi байланыстырып тұрған күре тамыр. Жезқазған — Қызылорда тас жолының сын көтермейтіні жиі айтылуда. Ұлытау облысына қарасты аймағындағы жол сапасына халық наразықтарын жиі білдіруде, осы орайда қандай жұмыстар жасалды?
Біріншіден біздің құзырымызда жол салу қызметі қарастырылмаған. Біз бөлінген ақша немесе жұмыстың басталуына иелік етпейміз. Нақты қызметіміз жол сапасын тексеру болғандықтан, салынған жолдардан керн, қиыршық тас, құм алып, сараптама орталығына жібереміз. Сараптама жасалған соң сәйкес келмеген жағдайда хат жолданып қайта өңдеу керектігіне тапсырма береміз, және қайра жасаған жұмыстарын қадағалаймыз. Елімізде қаншама шақырым күре жол салынса да, сапасы жайында сыни пікір көп оны жасырмаймыз. Ұлытау облысына қарасты жолдардың ойықтары тегістеліп және созылған жерлерінен сынамалар алынып, қайта жөндеу жұмыстары жүргізілген.
— Ұлытау облысына қарасты аудан жолдары жайлы не айтасыз? Сіздер аралап тексеріс жасадыңыздарма?
-Облыстық маңызды жолдарда 2 проект болды, ең үлкені Атасу –Айнабұлақ 15 км тас жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Біздің мамандар барып алған сынамалардан ақаулар да табылды, 20 пайыз дұрыс нәтиже көретті, жұмыс тәртібі бойынша хат жолданып, қайта өңдеу жасалған жерлері де болды. Тағы бір проект Жәйрем кенті мен Қаражал қаласы ортасында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Онда да мамандар аранайы тексерістер жасап, керн, қиыршықтас, құм алды. Өзіңізде білесіз Жаңаарқада “Дэу 43” Қазақ автодор мекемесі бар. Оларда жол жұмыстарын жасайды. Сол мекеменің де жасаған шұңқыр- ойықтар тегістелген жолдардан да сынамалар алынады. Жақсы жол сапасы үшін қарқынды қызмет атқаруға әлі де тырысамыз.
-Азамат Амангелдіұлы алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Қиындықтарды еңсеру үшін қолға алынатын басты шаруаның бірі – автокөлік жолдарының құрылысы екенін Мемлекет басшысының өзі белгілеп берген бағдарлама. Сондықтан қалай болғанда да халықтың игілігіне айналар жол құрылысының сапалы салынуына қызмет ететін мекеме жұмысына сенім білдіреміз. Осы жолдарды салғанда қатаң есеп, салиқалы ұстаным және қисынды идея басшылыққа алынса деген ойдамыз.
Айзада Әсетқызы