ТЕГІННІҢ БӘРІ САПАСЫЗ ЕМЕС

ТЕГІННІҢ БӘРІ САПАСЫЗ ЕМЕС
Бүгінде елдегі кепілдендірілген тегін медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы берілетін дәрі-дәрмекке қатысты алып-қашпа әңгімелер көп. Бірі «ең арзан дәріні таратады» деп айыптаса, тағы бірі «ауруға көмектеспейді» дейді. Дегенмен, бұл пікірлердің бәрі шындыққа жанасады деуге болмас. Өйткені, арамызда тегін үлестірілетін дәрі-дәрмектің арқасында дертіне дауа тапқандар көп. Солардың бірі – Жаңаарқа ауданының тұрғыны Дархан ТӨЛЕУОВ. Екі жылдан бері құтысы 1 млн теңгеден аса тұратын «Стелара» препаратын тегін алып жүрген ол ауруханаға барар жолды ұмытқан. Аталған азамат жылына осы дәрінің 4 құтысын қажет етеді.
–Бұл ауру 21 жасымда пайда болды. Мен ішпеген дәрі мен жақпаған мазь қалмады. Жылына екі рет Қарағанды қаласындағы тері аурулары ауруханасына жатып, емделетінмін. Бірақ, асқынған аурудың беті қайтпайтын. «Стелара»ны алғалы бері жағдайым – жақсы. Аудан орталығына, қалаға барып дәрігер жағалауды қойдым. Қазір ауылдан алыстамай-ақ «Стелара»ны медбикеге ектіремін, — деген Дархан Төлеуов қымбат дәрі МӘМС есебінен тегін берілмесе, қалтасы көтермейтінін жасырмады.
–Мен жеке кәсіпкер ретінде ай сайын 4900 теңге, жылына 58 мың теңге көлемінде МӘМС жарнасын төлеймін. Бұл қаржы дәріге немесе басқа ем алуға жетпейтіні анық. Сондықтан, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бізге ауадай қажет деп есептеймін. Өйткені, сақтандырылған азаматтар жарна мен аударымдарының көлеміне қарамастан кез келген медициналық көмекке ие бола алады, – деп сөзін түйіндеді МӘМС жүйесінің игілігін көрген пациент.
Жыл басынан Ұлытау облысында 16 пациентке 21 665 369,91 теңгеге псориаз және псориаздық артритке қарсы дәрі-дәрмек берілді. Оның ішінде төрт науқасқа 20 117 510,08 теңгеге «Стелара» препаратының 19 құтысы сатып алынды.
Естеріңізге сала кетсек, псориаз және псориаздық артритке қарсы дәрі-дәрмек сақтандырылған мәртебесі бар азаматтарға тегін беріледі. Тегін дәрі-дәрмектің тізбесімен толығырақ денсаулық сақтау Министрлігінің № 75 бұйрығынан танысуға болады.
Диана ОРАЗАЛИНА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *