Саяси реформалар – оң өзгерістер бастауы


Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық мәслихаттың депутаты:
Саяси реформалар – оң өзгерістер бастау

«Президент реформасындағы жаңа өзгерістер халыққа қажет дүние және ол өзгерістерді ел күтіп отыр. Бұл – тарихи дүние! Ол құқықтық, саяси жағдайдың бәрін өзгертеді». Бұл Қаражал қалалық мәслихатының депутаты, Жәйрем кен-байыту комбинаты жанындағы кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Гауһар Наурызбаеваның пікірі.
Жуырда біз халық қалаулысымен ел өмірінен орнықты орын алып жатқан осы саяси реформалардың барысы мен бағыты туралы ой бөліскен едік.

– Гауһар Насритдинқызы, Сіз «Әділетті Қазақстан» дегенді қалай түсінесіз? Әңгімені осыдан бастайықшы.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIII съезінде сөйлеген сөзінде мемлекет пен қоғамды түбегейлі жаңарту үдерісі басталғанын, әлеуметтік әділдік қағидатын орнықтыруға баса мән берілетінін айтқан болатын. «Азаматтар тарапынан: «Жаңа Қазақстан дегеніміз не?» – деген сауал жиі қойылып жүр. Менің ойымша, бұл сұраққа қысқа да нұсқа жауап беруге болады. Жаңа Қазақстан дегеніміз – шын мәнінде әділетті Қазақстан» дей келіп, Президент қарапайым азаматтарға әлеуметтік әділдік жетіспейтінін мойындау керектігін айтты. «Қарапайым халықтың мүддесі үнемі елене бермейді, кейде, тіпті әділетсіздік мемлекеттік аппарат өкілдері тарапынан да жасалып жатады. Азаматтардың мемлекеттік мекемелерге сенімсіздігі осыдан туындайды», – деді Мемлекет басшысы.
Иә, мұның бәрі шындық. Бұған дейін сол аталған қарапайым адамдар тарапынан қанша айтылса да еленбеген шындық. Осы бір мойындаудың өзі қоғамда оң өзгерістердің басталғанына сендіреді.
Әрбір адам қоғамда өмір сүреді. Әр қадамын қоғамда жасайды. Бүкіл тіршілігі де, іс-әрекеті де қоғамда өтеді. Жақсылықты да, жамандықты да қоғамда бастан кешеді. Адам қоғамнан қашып кете алмайды. Қоғамның жақсы не жаман болуы оның өміріне әсер етеді. Ол өзінен-өзі сол қоғамға сәйкес мінез-құлықпен өмір сүреді. Егер қоғам жақсы болса, адамның өмірі, тұрмысы да жақсы. Президентіміздің «Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты болуын қалаймын» деген сөзі осыны меңзейді.
Егер бүгін біз әділетті Қазақстанға мұқтаж болып отырсақ, бұл – осы уақытқа дейін кеткен олқылықтардың салдары. Бай мен кедей аражігінің шектен тыс алшақтауы, әлеуметтік әділетсіздік, заңсыздықтың етек алуы, жоғарыдағылардың төмендегілерді естімеуі, қоғам игілігіне, ел болашағына қызмет ететін бастамалардың аяқасты болуы, ұлттық мәселелердің тасада қалуы секілді келеңсіздіктер қарапайым азаматтардың билік органдарына деген сеніміне селкеу түсірді. Билігі мен байлығы бардың заң құрығынан сытылып кетуі, заң үстемдігінің тек қарапайым азаматтарға күші жетуі әділетсіздіктен. Әділетті Қазақстанда осы олқылықтардың бәрі орнына келтіріледі. Менің түсінігімдегі «Әділетті Қазақстан» осындай.
– Осы әділетті Қазақстанның алғашқы нышандарын ел шынайы сезіне алып отыр ма, қалай ойлайсыз?
– Сіздің бұл сұрағыңызға жауапты Мемлекет басшысының сөзімен бастағанды жөн көріп отырмын. «Әділетті Қазақстанды құру ісі енді ғана басталды. Алдағы жолдың қиындығы көп. Бұл бағдарымыз ешқашан өзгермейді, ішкі және сыртқы ахуал қандай болса да жалғаса береді. Қол қусырып отыратындар мен қасақана кедергі жасайтындарға орын жоқ», – деді Президентіміз өз сөзінде.
«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады», дейді дана қазақ. Қаншама жылдардан бері қатып, сесіп қалған жүйені бір күнде сілкіп тастау мүмкін емес. Бұл сенімді қалпына келтіру де бір күннің жұмысы емес. Барлық салада дәйектілікпен іске асырылатын жүйелі жұмыс. Мемлекетімізді сақтау, тәуелсіздігімізді баянды ету әділетті Қазақстан құруды талап етіп отыр. Тек әділетті қоғамда халық билік органдарына сенеді. Әділеттілік дегеніміз былай қарағанда күрделі ұғым болып көрінгенімен, шын мәнінде заң алдында баршаның теңдігі, әлсіздерге қамқорлық қой. «Қоғам өмірінің барлық саласы заңмен, құқықтық нормалармен реттелетін мемлекет – әділетті мемлекет. Бұндай қоғамда әділеттілік дегеніміз – ең алдымен адалдық» депті қазіргі заманда демократияның үлгісі болып отырған Америка Құрама Штаттарын құрушы саяси қайраткерлердің бірі, ойшыл философ Бенжамин Франклин.
Рас, Қазақстанда жақсы заңдар, керемет бағдарламалар бұған дейін де болды. Бірақ толыққанды іске асырылған жоқ. Өйткені шешім қабылдайтын орындарда отырған кейбір тұлғалар әділеттілік пен адалдық қағидатын басшылыққа алуды ұмытты. Кемшілікті көре тұра түзетуге құлықсыз болды. Сондықтан қазіргі қазақстандық биліктің алдында осы олқылықтың орнын толтыру міндеті тұр.
– Олқылықтардың орынын толтыруды неден бастаған жөн. Оның алғашқы қамдары деп нені айтар едіңіз?
– Қазақ топырағында дүниеге келген ұлы ойшыл әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты трактатында: «Адамдардың бір-біріне көмектесуін мақсат еткен ел – ізгі, кемелденген ел» деп жазыпты. Ендеше ең алдымен билік органдары халыққа қарайлауы қажет. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ғұламаның «Озық әрі өркениетті елдердің негізгі тірегі – әділетті қоғам мен парасатты адамдар» деген сөзі – Жаңа Қазақстанды қалыптастырудың негізіне алынуы тиіс тұжырым. Дамыған елдер қатарына ұмтылған қоғамның басшылыққа алар басты қағидасы. Жалпы, әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінде Мемлекет басшысының, әкім-қаралардың, түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалардың бойынан табылуға тиіс қасиеттер жан-жақты сипатталған. Сондықтан да бұл трактат еліміздегі мемлекеттік қызметке үміткерлер тапсыратын сынақта қамтылған басты құжаттар мен заңнамалармен қатар тұруы, әрбір лауазымды тұлға әл-Фараби еңбектерінен хабардар болуы қажет.
Ал енді, сіздің сауалыңызға келсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз» деп қадап айтты.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауынан кейін қалыптасқан жаңа депутаттық корпус арқасында елімізде жүріп жатқан жан-жақты саяси жаңғыру үдерісі белгілі бір межесіне жетіп, қоғам дамуының жаңа кезеңі басталатынына сенім артты.
– Енді әңгімемізді «Мемлекет басшысы бастаған саяси реформалар ел ішінде қалай жүзеге асырылып жатыр?» деген саулаға қарай бұрсақ…
– Ия, Жаңа Қазақстанда депутаттарға Президент қана емес, тұтастай қазақ елі сенім артып отыр. Осындай ел сенімі деген үлкен жүк иығына түскен, сол саяси додада халықтың қалауымен депутат атанғандардың бірі – менмін. Қазіргі таңда ел сенімін ақтау үшін, халықтың жанарына ұялмай, тік қарай алу үшін қолымнан келгенді жасауға тырысудамын.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс» болса, бұл талап ең алдымен жергілікті билікке қатысты мәселе. Себебі әр аймақтың, тұрғындардың ахуалына жауапты осы әкімдіктегі басшылар болып табылады. Алайда, олар ел басшысының айтқан талабынан әрдайым шыға бермейді. Содан жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді. Осындай жағдайды болдырмау үшін халық қалаулылары билік пен жұртшылық арасындағы алтын көпір ретінде өз міндеттерін тиісті деңгейде орындауы керек деп түсінеміз.
Жалпы, Жәйремдегі бес депутат өздері сайланған округтеріндегі барлық әлеуметтік жағдайларын тікелей бақылаушы болып табылады. Биылғы жылға облыстық, қалалық бюджеттерден бөлінген қаржылармен қатар, «Казцинк» компаниясы мен облыстық, қалалық әкімдіктер арасында жасалған меморандум бойынша бөлінетін қаржылардың орын-орнымен және тиісті мақсатқа жұмсалуы да біздің жіті бақылауымызда.
Аллаға шүкір, қазіргі таңда Жәйремдегі көп жылдардан бері қордаланған біраз мәселелердің сеңі қозғалып, Жәйрем инфрақұрылымы қарқынды дамуда. Мемлекеттік тапсырыс бойынша кент ішіндегі аялдамалар жаңартылып, жаяу жүргіншілер жолдары салынып, Сағырбаев көшесіндегі айналма жол абаттандырылып, көзге мен мұндалайтын әдемі домбыра кескіні қойылды. Басты көшелерге гүлдер қойылып, бірқатар орамдардың аулаларына бордюр төселіп, шарбақтар орнатылып, бейнебақылаулар мен бағдаршамдар тексеріліп, ақаулары барлары реттеліп, көше жарықтары түгенделіп, автокөлік жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта қазандықтарға да жөндеу жасалып, сыртқа орнатылатын трансформаторлы шағын станция жиынтығын, қоқыс контейнерлерін сатып алып орнату жоспарлануда.
– Жәйрем – облысымыздағы өндіріс ошақтарының бірі. Осы өңірдегі компанияның кентке көмегі қандай. Әлеуметтік серіктестік орнаған ба?
– Әрине. «Казцинк» компаниясы мен Жәйрем кенті әкімдігінің арасындағы Меморандум бойынша биыл халықтың көптен сұрап жүрген үлкен проблемасы – көп қабатты үйлерді шатырлау жұмысы қолға алынып жатыр. Бұл жоба бүгінгі күні Металлург көшесіндегі 15, 17 үйлерде жүзеге асырылуда. Ендігі жоспарда Мұратбаев көшесіндегі 7 үй тұр. Сонымен қатар, 2 орамда қаңырап бос тұрған үйлердің бірінші қабаттары толықтай кірпішпен қаланып, жабылуда. Ондағы мақсат – кішкентай ойын балаларының қауіпсіздігі мен қоқыс орнының азайып, ішіндегі қалдық заттардың сыртқа шашылуының алдын алу.
Сондай-ақ, 2 орамдағы үйлердің жертөлелері тазартылып, реттеліп, болашақта тұрғын үй иелерінің бірлестігін (ОСИ) құру жоспарымызда бар.
Жалпы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев реформасындағы басты бағыттардың бірі халықтың әлеуметтік жағдайын түзеу мақсатындағы Жәйрем кентіндегі атқарылып жатқан жұмыстар осындай көрініс береді. Алда атқарылатын жұмыстар қыруар.
– Кенттегі атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық ұйымдар мен депутаттар тарапынан қадағалау бар ма?
– Болғанда қандай. Халық үшін атқарылатын кез келген жұмысты жергілікті билік өкілдерімен және халықпен тығыз байланыста қадағалауымыз керек. Жасыратыны жоқ, тендермен ұтып алған жұмыстарына жүрдім-бардым қарап, қалталарына қаражат түскеннен соң, іздерін де көрсетпей кететін мердігерлер туралы еліміз бойынша дабыл қағуда. Аллаға шүкір, біздің Жәйрем кентінде еңбек ететін мердігерлердің олай халықты алдауларына жол берілмейді деп ойлаймын. Себебі, мердігер атқарған кез келген жұмысты қабылдап алып, берілетін қаражатқа қол қою құқығы берілген мына біздер – депутаттар өзімізді қалап сайлаған халыққа қарсы әрекетке ешқашан бармайтынымызды білеміз. Сондай-ақ, тендердің көбісін жергілікті азаматтар ұтып алғаны да көңілімізге қуаныш ұялатады. Себебі, кез келген патриот азамат өзінің туған жеріне адал еңбек етеді деп сенеміз. Сол сенімімізді ол мердігер ақтаса деп ойлаймыз.
Қазіргі таңда, кентімізде өзінің сапалы жұмысымен көзге көрініп жүрген жеке кәсіпкер Жандос Бейсембеков деген азаматты мен мақтанышпен айта аламын. Өзінің туған жеріне деген бар ыстық ықыласын әрбір сапалы қаққан шегесімен білдіріп жүр. Өзіне жүктелген жұмыстармен қатар, өзгенің де жұмысына білек сыбана кірісіп кететін мердігердің ісі көпке үлгі боларлықтай. Алдағы уақытта, аталған азамат жайлы бөлек әңгіме өрбітетін боламыз.
Маусым айында бас қаламызда болған мәслихат депутаттарының форумында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов: «Депутаттардың бел шешіп жұмысқа кірісетін шағы келді. Бұл, әсіресе, мәслихат депутаттарына қатысты. Сіздер – партияның жергілікті жердегі өкілісіздер. Бүкіл өңірлік саясатқа ықпал етесіздер. Сіздердің мойындарыңыздағы жүк жеңіл емес. Бұрын халық әкімді іздейтін, қазір депутаттан сұрайды. Не жағдай болса да «AMANAT» қайда?» дейді. Оны өздеріңіз де сезініп жатқан шығарсыздар. Біз осы сынаққа дайынбыз» деген еді. Ия, қазіргі таңда халық арасында кез келген проблеманы бізге айтып, жауабын бізден күтетіні, сонымен қатар, «AMANAT» қайда деп, партиямызды іздеуі біздің халық арасында барлығымызды және де халықтың бізге сенім артып, қолдау күтетіндерін білдіреді.
– Тұрғындардың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау, көмек көрсету жайында не айта аласыз?
– Президентіміздің «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз» деген үндеуі де аяқсыз қалып отырған жоқ. Аталған санаттағы жандарға арнап жергілікті билік тарапынан жасалып жатқан жұмыстардан бөлек, Жәйрем кентінде өзім жетекшілік ететін «Өндірісші волонтерлар» тобы жыл бойы үздіксіз әлеуметтік қолдауға зәру отбасыларға, көп балалы жалғыз басты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жалғыз басты қарттарға көмек қолын созудан жалыққан емес. Биылғы жылы ата-аналарынан айырылған 5 баланың тұруға жарамсыз үйі қала әкімінің араласуымен басқа үйге алмастырылып берілді. 5 жетім балаға жазғы лагерьге жолдама сыйланды. Әрбір атаулы күндері аталған санаттағы жандар сыйлықтарын алып отырады.
– Денсаулық сақтау және спорт саласының Жәйремдегі жайы қалай?
– Ел басшысының реформасында сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру туралы айтылып, зертханаларды жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау, медициналық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыру, жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екендігі, облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс тәрізді бірқатар мәселелер қозғалды.
Біздің кентіміздегі жалғыз аурухана біртіндеп жақсы, білікті, бұрынғы тапшы дәрігерлермен толығуда. Олардың көтерме жалақыларын мойнына алып, тегін баспанамен қамтамасыз еткен «Казцинк» компаниясы, медициналық құрал-жабдықтарды да сатып әперген. Ал кент тұрғындарының арасындағы спортсүйер қауымға арналып ашылған Спорт Федерациясы өз жұмысын барынша атқарып отыр. Халыққа арнап тегін ашылған бірнеше спорттық жаттығу залдары бар. Алдағы жоспарда жәйремдіктерге арналып үлкен Денешынықтыру және сауықтыру кешенін салу жоспарда бар.
– Білім беру саласындағы оң өзгерістерге де тоқтала кетсеңіз?
– Реформаның тағы бір бағыты – сапалы білім беру болса, бұл бағытта да елімізде атқарылып жатқан жұмыстар ауыз толтырып айтарлықтай. Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсалатынын айтқан мемлекет басшысы дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін және оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілетінін және бір реттік ақшалай сыйақы да төленетінін айтты. Сонымен қатар, мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізуіміз керектігін, себебі, олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиістігін және бұл ретте, ұстаздардың курстан өтуі үшін өз қалтасынан ақша төлеуіне жол берілмейтінін баса айтты.
Қысқасын айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоспарлаған реформалары барынша жүзеге асырылуда. Бұл реформалар – оң өзгерістер бастамасы. Оған депутаттар корпусы өз үлесімізді барынша қосуға міндеттіміз. Баршамыз Мемлекет басшысы бастап берген реформаларды табанды іске асыруға жауаптымыз. Біз халқымыздың сенімін ақтауға тиіспіз және қолайлы жағдайда өмір сүруге сұраған барлық талаптардың орындалуына өз мүмкіндігімізше әрекет етуге міндеттіміз. Халық ешқашан орындалмайтын нәрсені сұрамайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай Бейсенбаев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *