Егіс даласында түсім мол
Қарағанды облысының диқандары биылғы қуаңшылыққа қарамастан мол өнім жинап жатыр. Жаңа технология мен минералды тыңайтқыштардың көмегі тиіпті. Егін бітік, ал көкөніс молынан шыққан. Мысалы, Шахтер ауылындағы шаруашылық ерте көктемде 35 мың гектар алқапқа дәнді дақыл еккен. Диқандардың айтуынша, егер тыңайтқыш сеппегенде егістік қурап, есіл еңбек еш кетуі де мүмкін еді.
– Биыл біз бірінші рет егістік алқабына 100 пайыз тыңайтқыш септік. Аммофос, сульфоаммофосты жаңа технология бойынша пайдаландық. Соның арқасында жақсы өнім алып жатырмыз. Әйтпесе жаз бойы жаңбыр болмады, – дейді бас агроном Думан Шәкітаев.
Қазір диқандар орташа есеппен әр гектардан 10 центнерден өнім жинап жатыр. Егер жаңбыр жауғанда, бидай түсімі одан да жоғары болар еді. Тыңайтқыш толық ерімей қалған. Оның үстіне, биыл астықты Нұра ауданының аумағында киіктердің көші қалың болып, егіннің біраз бөлігін көктей таптап өткен. Топырағында құнарлы тыңайтқыш болмағанда, сабағынан сұлаған егіннің қайта бой тіктеуі екіталай еді.
Биыл минералды тыңайтқыштың арқасында аймақта көкөніс те көп өнім беріп жатыр. Шаруалар бірінші рет картоп алқаптарын тыңайтқыш қоса отырып тамшылата суғару әдісін қолданған. Соның нәтижесінде әр гектарынан 35 тоннадан өнім жинауда. Картоптың сапасы да жақсарыпты.
– Мемлекет басшысы Жолдауында ауылшаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету негізгі күшке айналу қажеттігін атап өтті. Біз де заман талабынан қалмай агроөнеркәсіп саласындағы тың технологияларды қолданысқа енгізіп келеміз. Соның арқасында жыл сайын өнім көлемі артып отыр, – дейді шаруашылық жетекшісі Георгий Прокоп.
Осы жылы облыс диқандары жалпы 920 мың гектар алқапқа дәнді дақыл және 13 мың гектарға көкөніс еккен. Қазір жиын-терім науқанының 50 проценті атқарылды. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Енді тек алтын дәнді ысырапсыз жинап алып, қамбаға құю керек. Ол үшін қажетті техника мен жеңілдетілген бағадағы жанар-жағармай жеткізілген.