Сәтбаевта биыл 70 ойын алаңы балалар игілігіне беріледі
Биыл Сәтбаев қаласында тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы соның ішінде Тәуелсіздік көшесі 15/1 мекенжайында бой көтеретін 56 пәтерлі үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы облыс әкіміне ақпарат беріп, белгіленген кестеден ауытқушылық жоқ екенін айтты.
Берік Әбдіғалиұлы Ерден көшесі 225 үй мекенжайында да болды. Аталған орында балаларға арналған ойын алаңын салу жұмыстары жүргізілуде. Қала бойынша биыл 20 жаңа ойын алаңы орнатылып, 50-і қайта жөндеуден өтеді. Берік Әбдіғалиұлы Сәтбаев қаласының әкімдігіне қолға алынған балалар алаңында жарықтандырудың және ата-аналарға арналған орындықтардың болуы міндетті екенін айтты. Сонымен қатар өңір басшысы шаһардағы аулаларға бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын басты назарға алуды тапсырды.
Берік Әбдіғалиұлы Сәтбаев қаласын аралау жұмысы барысында қалалық автотұрақта да болды. Облыс басшысы нысанның жан-жағын абаттандыру, жарықтандыруға байланысты эскиз әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, аталған нысанда тұрғындардың игілігіне қажетті жағдай болуы қажет екенін жеткізді.