Облыс әкімі жұмыс бабымен Сәтбаев қаласын аралады
Бүгін Берік Әбдіғалиұлы Сәтбаев қаласындағы бірқатар нысанда болып, атқарылып жатқан және орындалуы тиіс жұмыстардың барысымен танысты.
Өңір басшысы алдымен «Кенші даңқы» алаңында болды. Қазіргі уақытта аталған орын жөндеу және абаттандыру жұмыстарын қажет етеді. Соңғы рет алаңда жөндеу жұмыстары 2019 жылы жүргізілген. Ал биыл қаланың 50 жылдығына орай «Қазақмыс» корпарациясымен меморандум аясында қайта қалыпқа келтіріледі деп жоспарланған. Облыс әкімі қала әкімдігіне «Кенші даңқы» алаңын қалыпқа келтіру, күтіп ұстауға қатысты тапсырма берді.
Қазіргі уақытта Сәтбаев қаласының «Тағзым» мемориалдық кешенінде қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Аталған орында 20 тамызға дейін абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жолға қойылған. Одан бөлек, орындықтар, қоқыс жәшіктері, жарықтандыру бағаналары орнатылып, жасыл желектер отырғызу көзделіп отыр. Нысанға арнайы барған облыс әкімі жұмысты уақытылы аяқтап, жаңартылған кешенді тапсырыс берушіге мерзімінде өткізуді қадағалау керектігін айтты.
Сәтбаев қаласында апатты деп танылған 20 үй бар. Ең өзектісі — Алаш көшесіндегі 15-ші үй. Реквизиция бағыты бойынша тұрғындарға өтемақы төленген, аталған мекендегі 16 отбасының 14-і қоныс аударды. Қалған екеуі 10 күн ішінде үйді босатады. Облыс басшысы тұрғын үйді қоршауға алып, демонтаждау жұмыстарын тездетуді тапсырды.