Мәдениет және өнер қызметкерлеріне Ұлытау облысы әкімінің сыйлығы табыс етілді
Халықтар достығы мен мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесіне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шара шымылдығы театрландырылған көрініспен түрілді.
Өңіріміздегі мәдениет пен өнердің дамуына аянбай үлес қосып жүрген азаматтарды Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы құттықтап, бірқатар қызметкерге облыстың Құрмет грамоталарын, Ұлытау облысы әкімінің алғысхаттарын, Мәдениет басқармасының Құрмет грамоталары мен алғысхаттарын табыс етті.
«Ұлытау облысының құрылуына орай мәдениет саласының құрылымы 3 жаңа мекемемен толықты. Сәтбаев қаласында Жастар театры ашылды. «Ұлытау үні», «Жезкиік» және «Көк майса» фестивальдері облысымыздың визиткасына айналды. Тарихи-мәдени мұраларымызға да аса көңіл бөлінуде. Биылғы жылы республикалық бюджеттен реставрациялық, археологиялық жұмыстарға 112 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл жайт — туризмді дамытуға оң ықпалын тигізеді» — деді Берік Әбдіғалиұлы.
Салтанатты кеш барысында Ұлытау облысындағы мәдениет және өнер саласына еңбегі сіңген 14 қызметкерге әртүрлі номинация бойынша облыс әкімінің сыйлығы және 500 000 теңгенің сертификаты табыс етілді.
Сонымен қатар, Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысы ғылыми-әдістемелік, шығармашылық орталығының менеджері, ҚР Мәдениет қайраткері Салтанат Сүлейменқызы Нұрлыбаеваға «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы бойынша 1000 000 теңге сыйақы табыс етті.
Айта кетейік, бүгінгі күні Ұлытау облысында 114 мәдениет мекемесі бар. Ол жақта 1500-ден астам мәдениет қызметкері еңбек етуде.
Облыс бойынша 1 – Халық әртісі, 10-нан аса Қазақстанның еңбек сіңірген артисі және 50-ге жуық мәдениет саласының қайраткері мен үздіктері қызмет етуде.
Сонымен қатар 13 – «Халықтық» атағы бар ұжым бар.