Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі шеңберінде жұмыс істейтін халықтың мүдделерін қорғау
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі әділ әлеуметтік саясат үшін негіз болады және әрбір адамның туғаннан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмір жолының кезеңдеріне сәйкес, барлық адамда бірдей бола бермейтін қажеттіліктерден туындауы мүмкін шараларды (өмірлік қиын жағдайдағы адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктер) көрсете отырып құрылған.
Әлеуметтік кодекстің негізгі жаңалықтары:
1. Отбасының цифрлық картасы (қолдау проактивті форматта көрсетіледі, атап айтқанда азаматтарға әлеуметтік төлемдер мен көмек мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар деректер негізінде тағайындалады, ал қағаз құжаттар жүйеден кезең-кезеңімен алынып тасталатын болады);
2. Мемлекеттік қолдаудың жаңа парадигмасы (жаңа парадигмаға сәйкес мемлекеттік қолдау алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алатын атаулы іс-шара, одан кейін ғана атаулы әлеуметтік көмек ретінде қарастырылады);
3. Әлеуметтік қызмет көрсетуді толық трансформациялау (мүгедектігі бар азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге деген қолжетімділігін мемлекеттік емес ұйымдар, жеке сектор және отбасы мүшелерін тарту арқылы арттыру);
4. Азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі өзгерістер (алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту);
5. Жұмыспен қамту саласындағы өзгерістер (икемді жұмыспен қамтудың барлық түрін тану; жұмыс күшінің дағдыларын арттыру; жұмыспен қамтудың цифрлық орталықтары).
Осылайша, Әлеуметтік кодекс азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзі болып табылады, сондай-ақ халықтың әлеуметтік әл-ауқатына автоматтандырылған мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Кодексте қазіргі кездегі әлеуметтік қолдаудың барлық әлеуметтік кепілдіктері мен нысандарының, оның ішінде азаматтарды зейнетақылармен және жәрдемақылармен, сондай-ақ «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ (бұдан әрі — Қор) тағайындалатын әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз ету сақталғанын атап өткен жөн.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап әлеуметтік тәуекелдердің 6 түрлі жағдайы басталған кезде жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі ретінде енгізілді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржы ресурстары жұмыс берушілер жұмыскерлері үшін, сондай-ақ дара кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын адамдар өздері үшін төлейтін ең төменгі жалақының кемінде бір және жеті еселенген мөлшерінен аспайтын кірістің 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар есебінен қалыптастырылады.
Бұл ретте әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленеді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру ынтымақтастық принципіне негізделген, өйткені әлеуметтік аударымдар барлық жұмыс істейтін азаматтар үшін төленеді, ал төлемдерді тек әлеуметтік тәуекел туындаған адамдар ғана ала алады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында Ұлытау облысы бойынша Қорға 2,3 млрд. теңге сомасына 58 762 адам үшін әлеуметтік аударымдар түсті, ал Қордан әлеуметтік төлемдерді 3,2 млрд. теңге сомасына 10 973 адам алды.
Қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем мүгедектігі бойынша бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға медициналық-әлеуметтік сараптама жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін 30%-дан 100%-ға дейін белгілеген күннен бастап оның бүкіл кезеңіне еңбек қызметін жалғастыруына қарамастан жүргізіледі.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жылда Қорға әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріске, сондай-ақ еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің, жүйеге қатысу өтілінің және кірісті алмастыру коэффициенттеріне байланысты болады.
2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қордан аталған төлемді біздің облыс бойынша 643 млн. теңге сомасына 3 303 адам алды.
2023 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер 14,5%-ға арттырылады және бұл төлемдердің а.ж. 1 қаңтарынан бастап 8,5%-ға өсуін ескере отырып, жәрдемақылар мен төлемдердің жылдық мәндегі өсуі 23% құрайды.
Қордан асыраушысынан айырылуы жағдайына төленетін әлеуметтік төлем асыраушысынан айырылуы бойынша бюджет қаражаты есебінен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Төлемге құқық қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушысының асырауындағы отбасы мүшелеріне асыраушы қайтыс болған күннен бастап туындайды. Төлем асырауындағы адам 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқуды жалғастырған жағдайда 23 жасқа дейін жүзеге асырылады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген қайтыс болған асыраушының кірісіне, сондай-ақ кірісті алмастыру, асырауындағы адамдар санының және жүйеге қатысу өтілінің коэффициенттеріне байланысты болады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында Ұлытау облысы бойынша Қордан аталған төлемді 203 млн. теңге сомасына асыраушысынан айырылған 1 129 отбасы алды.
2023 жылғы 1-шілдеден бастап асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер 14,5%-ға артады, бұл төлемдердің а.ж. 1- қаңтарынан 8,5%-ға өсуін ескере отырып, жәрдемақылар мен төлемдердің жылдық мәндегі өсуі 23% құрайды.
Әлеуметтік тәуекел туындаған кезде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы, оның ішінде оның отбасы мүшелері, асыраушы қайтыс болған жағдайда базалық жәрдемақылар мен Қордан төлемдер алатынын ескерсек, оның әлеуметтік қорғалуы жұмыс істемейтін адамға қарағанда жоғары болады.
Қордан жұмысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушысы халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап тағайындалады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының кірісіне, табысты алмастыру (45% немесе 0,45) және жүйеге қатысу өтілінің коэффициенттеріне байланысты болады.
Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін жүзеге асырылады.
2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қордан аталған төлемді біздің облыс бойынша 152 млн. теңге сомасына 870 адам алды.
Қордан жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайларына төленетін әлеуметтік төлем еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген жүктілігі және босануы бойынша демалыс күнінен бастап тағайындалады. Төлем еңбекке уақытша жарамсыздық парағының барлық кезеңіне жүзеге асырылады.
Біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген кіріске және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында Ұлытау облысы бойынша 1 254 алушыға аталған төлем шамамен 1,2 млрд. теңге сомасына жүзеге асырылды.
Қордан бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем бала туған күннен бастап бала күтімін іс жүзінде жүзеге асыратын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына тағайындалады.
Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының кірісіне және кірісті алмастыру коэффициентіне (40% немесе 0,4) байланысты болады.
2023 жылдың қаңтар-сәуір айларында аталған төлемді біздің облыс бойынша Қордан 923 млн. теңге сомасына 4 417 адам алды.
Әлеуметтік кодекс шеңберінде Қордан әлеуметтік төлемдерді тағайындау параметрлері өзгеріссіз сақталатынын атап өткен жөн.
Бұдан басқа, Әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылдың 1-шілдесінен бастап:
— жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды алып жүру бойынша қызмет көрсететін 30 мыңға жуық жеке көмекшіні міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту қарастырылған. Бұл дегеніміз, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жеке көмекшінің Қордан төленетін әлеуметтік төлемдерге құқығы болады, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы үшін еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы төлеміне құқығы болады.
Жалпы әртүрлі әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыратын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің дамуы азаматтарды нәтижелі және формалды жұмыспен қамтуды ынталандыруды көздейді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі туралы толық ақпаратты Қордың интернет-ресурсы (gfss.kz), сондай-ақ Қордың және оның Филиалдарының әлеуметтік желілерідегі аккаунттарынан алуға болады.
«Мемлекттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ
Ұлытау облысы бойынша директоры Корнеевец Валерия Андреевна.