Облыста мектеп жанындағы жазғы лагерьлердің жұмысы басталмақ
Ұлытау облысының әкімдігінде ұйымдастырылған аппарат кеңесінде алдағы жазғы маусымға жоспарланған жазғы сауықтыру алаңдарының дайындығы жайында айтылды. Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен жиында белгілі болғандай — Ұлытау облысы бойынша 2023 жылдың жазғы кезеңіне барлығы 76 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеуі жоспарланған. Оның ішінде: Жезқазғанда -18, Сәтбаевта — 11, Қаражалда -8, Жаңаарқада- 24, Ұлытауда -15.
Мектеп жанындағы 61 лагерьде 3946 балаға арналған тамақтандыру ұйымдастырылады,15 мектеп жанындағы лагерь, 480 балаға арналған тамақтандырусыз және тек жарты күндік мерзімде жұмыс істейді. Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыруды жеке кәсіпкерлер, мектеп асханасын жалға алушылар жүзеге асырады.
Мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істеген уақытта тамақтандыруды және күндізгі ұйқыны ұйымдастыруға жол беріледі. Күндізгі ұйқыны ұйымдастыру кезінде жатын үй-жайы бөлінеді, жеке кереуеттер (жазылатын кереуеттер) орнатылады, жеке төсек-орын жабдықтары (жайма, жастықтың тысы, көрпенің тысы) және кемінде екі орамал (аяққа және қолға арналған) көзделеді.
Бүгінгі таңда жазғы мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізілуде, атап айтқанда: медицина қызметкерлерімен, сонымен қатар мектеп асханаларын жалға алушылармен оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша семинар-кеңес өткізілген.
Семинар-кеңес және басқа да түсіндіру жұмыстары ағымдағы жылдың 25 мамырына дейін жалғасады.
Аппарат жиыны соңында облыс әкімі қаладан тыс жерлерде 1000 балаға дейін қамтуға қауқарлы қауіпсіз лагерьлер ашуды ұйымдастыру қажет екенін, ол үшін кәсіпкерлер мен қолдаушыларды тарту жұмыстарын жүргізуді, мектеп жанындағы лагерьлердегі балалардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау керектігін, жазғы шомылу маусымы алдында балалар мен ата-аналарды ақпараттандыруды қолға алу қажеттігін тапсырды.