Ұлытау облысында «Жаңа көзқарас» фотокөрмесі өтуде
Ұлытау облысының білім басқармасы Нұрсұлтан Назарбаев қорымен бірлесе «Жаңа көзқарас» фотокөрмесінің аясында ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған шеберлік сабақ ұйымдастырды.
Жобаның негізгі мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балаларға суретке түсіру өнерін жан-жақты үйрету.
Шеберлік сабақты 2023 жылдың 15-24 мамыр аралығында белгілі француз фотосуретшісі Эрик Ваззолер Жезқазған қаласының №3 жалпы білім беретін мектебінің базасында өткізуде. Шеберлік сабаққа облыс бойынша ерекше білімді қажет ететін 7-17 жас аралығындағы 10 оқушы қамтылды.
Қор тарапынан арнайы 10 фотоаппарат қатысушыларға естелік ретінде берілетін болады. Шеберлік сабағының қорытындысы бойынша қатысқан балалардың жұмыстары фотокөрмеге қойылып, фотосурет авторлары осы жылдың 5-7 маусымында Қонаев қаласындағы «Балдәурен-Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығында демалуға мүмкіндік алады.