Ұлытау облысының орталығындағы субұрқақтар алдағы жексенбі іске қосылады
Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласындағы саябақтар мен скверлердің жағдайымен танысты. Аралау жұмыстарында белгілі болғандай, облыс орталығындағы субұрқақтар алдағы жексенбі күні іске қосылмақ.
Берік Әбдіғалиұлы жұмыс барысымен облыс орталығын аралап, Жезқазған көшелерінің абаттандыру жұмыстарына назар қойды. Облыс әкімі алдымен «Алғашқы құрылысшылар алаңында» болып, тұрғындар мен қонақтардың игілігіне арналған орынның жай-күйімен танысты. Аталған орындағы «Құрылысшылар» ескерткіші мен «Ғарышты бағындырушыларға арналған монументті» жалғайтын орта арбатқа айналмақ. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін арбат жастардың көңіл көтеретін орны болады деп жоспарлануда.
Өңір басшысы облыс орталығындағы үлкен демалыс орындарының бірі «Наурыз» саябағын да назардан тыс қалдырмады. Аталған орында биыл көктемде 300 түп ағаш отырғызылған, қазіргі уақытта ашық аспан астындағы саябақта Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымы 900 түп жасыл желекке орау жұмыстарын жалғастыруда. Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы да аталған игі жұмысты жалғап, ағаш екті.
Аралау жұмыстары барысында Ұлытау оьлысының әкімі қала тұрғындары мен қонақтары жиі жиналатын Сейфуллин көшесінің бойындағы аллеяға да назар қойды. Жасыл желекке оранған жол бойындағы тазалық пен ағаштардың күтімін күшейту үшін қала әкімдігіне тапсырма берді.
Облыс әкімінің Жезқазған қаласын аралау жұмыстары негізінде қала әкімдігіне шаһардағы жағажай маусымын мерзімінен кешіктірмей ашуды, қаладағы субұрқақтарды алдағы жексенбіден қалдырмай іске қосуды, қала көшелері мен саябақтарды абаттандыруды, тазалық және гүл отырғызу жұмыстарын жүргізуді, гүлзарлар мен ағаштарды суару жұмыстарын үзбей жүргізу тапсырылды.