Берері мол семинар
Жаңаарқа ауданының Ақтау ЖББМ-де «Мерейлі мектеп мекені» тақырыбында Ұлытау облысы бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына арналған семинар-экскурс өтті. Семинарға облыстағы 88 білім беру ұйымының директорлары мен директор орынбасарлары қатысты.
Семинардың ашылу салтанатында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали мен Ақтау ЖББМ-нің директоры Мақсат Арунов сөз сөйледі.
Семинар барысында қатысушылар екі тәжірибе алаңына бөлінді. Тәжірибе алаңының бірінші бөлімінде қатысушыларға «Табиғат мүйісі» оқу зертханалық кешенінде жүргізіліп жатқан әртүрлі тәжірибе көрсетіліп, жылыжай, ашық аквариум, қысқы және жазғы бассейндер таныстырылды. Сондай-ақ семинар қатысушылары мектептің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясындағы атқарып жатқан іс-шараларымен, мектептің өлкетану мұражайымен, мектеп телестудиясымен, IT, робототехника және 3Д модельдеу бойынша жүргізілетін іс-шараларымен таныстырылды.
Тәжірибе алаңының екінші бөлімінде Айнабұлақ негізгі мектептің директоры Ускенбаева Айман Қаһарманқызы «Шағын жинақты мектептердегі мәселелер» тақырыбында, О.Жұмабеков атындағы тірек мектебінің директоры Тұрғынбеков Айтқожа Жексенбіұлы «Тірек мектебі мен шағын жинақты мектептер арасындағы байланыс» тақырыбында тәжірибелерін ортаға салды. Сонымен қатар, Астана қаласының №63 мектеп-гимназиясының директоры Мәди Серікұлы мотивациялық сторителлинг ұсынды.
Мектеп оқушылары «Андройд жүйесіне арнайы қосымшалар дайындау» жолдарын көрсетіп, «Оптикалық микроскоп арқылы тәжірибелер жасау» іс-тәжірибесін ұсынды.
Семинар соңында Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Төлекова Сапура Сейдуалиқызы сөз алып, семинардың жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан барша жанға өз алғысын білдірді.