«ULYTAU ZHASTARY» бағдарламасы қатысушыларының несие өтініштері мақұлданды
Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары аясында облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ жүзеге асырып жатқан «ULYTAU ZHASTARY» жеңілдетілген несие бағдарламасына қатысушылардың несие өтінімдері мақұлдануда.
Бағдарлама қатысушыларының алғашқы легінде жоғары ұпай жинаған 20 жас маман Ұлытау облысы қоғамдық даму басқармасынан жолдама алып, қазіргі таңда олардың 15-інің қабілеттілігі расталып, несие мақұлданды.
Айта кетсек, аталған бағдарламамен үй алуға барлығы 75 өтінім түскен. Өтінімдерді депутаттар мен қоғам белсенділерінен тұратын арнайы комиссия қарап, бағдарлама талаптарына сай келетін 69 өтінім іріктеп алынды. Олардың арасында отбасылы жас мамандарға, сондай-ақ, әлеуметтік осал санаттағы үміткерлерге баса назар аударылған. Несие жылдық пайыздық мөлшерлемесі – 5 пайыз, мерзімі – 20 жылға дейін және 10 пайыздық бастапқы жарнаның болу шарты негізінде беріледі. Аталған бағдарлама арқылы жыл соңына дейін 40-тан астам жас баспаналы болады деп күтілуде.
Еске сала кетсек, биыл жастарға жеңілдетілген «Отбасы банк» АҚ арқылы жеңілдетілген несие беру туралы шешім қабылданған болатын. Облыстық бюджеттен – 500 млн. теңге қарастырылып, «Отбасы банкі» АҚ қосымша 250 млн. теңге бөлді.
Биыл бағдарлама аясында мұғалімдер, дәрігерлер, журналистер, мәдениет және спорт, әлеуметтік сала қызметкерлері, жоғары оқу орындары оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер қамтылып отыр.