Құрбандарды толық ақтауға қатысты 33 томдық жинақ жарық көрді
Жезқазғандағы Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханада саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жинағының таныстырылымы өтті. Дөңгелек үстелге ақын-жазушылар, тарихшылар, оқырмандар мен студенттер қатысты.
33 томдық жинақты Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ғылыми кеңесі баспадан шығаруға ұсынған. Құрбандарды толық ақтау жөніндегі жинақталған құжаттардан тұратын кітаптың таныстырылымына Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали қатысып, жинақтың тұсауын кесті.
Жинаққа 1920 жылдан 1950 жылға дейін Қазақстанда жаппай саяси қуғын-сүргінге негіз болған Нормативтік құқықтық актілер мен құжаттар кірді. Кітап — зерттеуші мамандарға және көпшілік оқырманға арналған. Аталмыш жинақ Алматы қаласындағы «Дәуір» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі баспасынан басылып шықты. Таралымы 500 дана.
Туынды Жезқазған университеті мен колледждерге, облыс аумағындағы қалалық, аудандық кітапханаларға үлестірілетін болады.
Дөңгелек үстел барысында «Репрессия құрбандары» бейнефильмі назарға ұсынылды. Жиын соңында туынды іс шараға қатысушыларға таратылып, ескерткішке фотоға түсу рәсімі өтті.