Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Жеңіс күнімен құттықтады
«Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді.
Соғыста опат болған боздақтарымыздың рухына тағзым етіп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету – біздің перзенттік борышымыз. Біз бүгінгі бейбіт өміріміз үшін жеңімпаз аға буынға қарыздармыз. Олардың өшпес ерлігі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Майдангерлеріміз жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Әділетті Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала береді», делінген Президент құттықтауында.