Ұлытау облысының әкімдігі №3 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейіне төрт сынып тарту етті
Ұлытау облысы білім басқармасының №3 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің 30 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерекелік салтанаттың алғашқы құттықтау сөзін Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали сөйлеп, облыс әкімінің атынан білім ошағына химия, физика, биология, STEM кабинетін тарту етті.
№3 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінен түлеп ұшқан шәкірттер – облысымыздың атын түрлі республикалық, облыстық додаларда жақсы жағынан шығарып келеді. Биылғы 2022-2023 оқу жылында лицей оқушылары облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі білім додаларында бас-аяғы 360 жүлделі орынға ие болды. Оның ішінде жалпы білім беретін пәндер бойынша пән олимпиадасының республикалық кезеңінде 8 оқушы жүлделі орындар иеленсе, 2 оқушы халықаралық жарыста Ұлытау облысының абыройын асқақтатты. Оза шапқан оқушыларды облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Мұратұлы, «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ХҚҚ вице-президенті Ержан Бейсембекұлы, лицей түлегі, Түркия мемлекетінде өткен халықаралық олимпиаданың Күміс жүлдегері Шабарханов Дастан марапаттады.
Мерекелік жиында Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Тулекова Сапура Сейдуалина, №3 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернатының директоры, түлектер ақжарма тілектерін білдірді.
Білімділер қанат қаққан оқу ошағының оқушылары мерекелік кешке лицей тарихын баяндайтын сахналық көрініс ұйымдастырып, концерттік бағдарлама ұсынды.