Биыл Ұлытау облысының екі қаласында кәріз тазарту құрылыстарын реконструкциялау жөніндегі жобаны іске асыру басталады
Ұлытау облысы әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде былтыр Жезқазған және Сәтбаев қалаларында кәріз тазарту құрылыстарын қайта жаңарту жөніндегі жобаны іске асыру бойынша жол картасы әзірленді. Жобаны іске асыру Азия даму банкі есебінен 2026 жылға дейін жоспарланып отыр.
Қорғау шараларының сақталуын қамтамасыз ету және жақсарту, сондай-ақ осы жобаларды іске асыруға және дайындауға әсер ететін мәселелерді шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында Ұлытау облысында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Үсеновтың төрағалығымен Азия даму банкінің өкілдерімен кездесу өтті.
Кеңеске Азия Даму Банкінің Орталық және Батыс Азия департаментінің әлеуметтік даму жөніндегі аға маманы Юкихиро Шибуя, Қазақстандағы Азия даму банкінің жобалары бойынша жерді сатып алу/қоныс аудару және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ұлттық сарапшы Қанат Сердалиев, Қазақстандағы Азия даму банкінің жобалары бойынша қоршаған ортаны қорғау және экология мәселелері жөніндегі ұлттық сарапшы Бақтияр Ибраев, сондай-ақ өңірдің мүдделі ведомстволары мен мекемелерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында күн тәртібінің өзекті мәселелері, сондай-ақ алдағы жұмыс жоспары талқыланды.
Бүгінгі таңда екі жоба бойынша «Қазақмыс «корпорациясы» ЖШС-мен меморандум аясында «Қазцентржкх» АҚ-мен келісілген жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатқаны атап өтілді. Құрылыстың басталуы биылға жоспарланған.