Өңірдегі бірқатар мәселе талқыланды

 

 

20 сәуір күні Қаражал қаласының мәдениет үйінде қала әкімінің төрағалығымен құрылыс және санитарлық тазалау жөніндегі штаб отырысы өткен болатын. Тілектес Темірбекұлы бірден жоғарыда айтылып өткен саяси реформалар жайлы сөз қозғады.

Президент Үкімет пен атқарушы органдарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, экономиканы монополиядан арылту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, азаматтардың сапалы медицина мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, табысты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Біріншіден, өңірімізге қатысты дәл осы мәселелер бар, ағымдағы жылдың екі айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 43 түрінің 13 түрі 1 пайыздан 28 пайызға дейін өскен. Инфляцияны төмендету үшін өңірдегі агроөнеркәсіптік өсімнің тұрақты түрде өсуін қамтамасыз ету мәселесін шешу қажеттігін жеткізді.

Екінші мәселе – шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту міндеті тұр.Бұл бизнесті дамытуға және инвестицияны тартуға қолайлы жағдай жасау. Ал бұл жаңа өндірістерді, жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік міндеттемелерді орындау керектігін қала басшысы баса айтты. Сондықтан да біздің Үкімет банк секторының ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды несиелеу мүмкіндігін кеңейту, салықтық жеңілдіктерді негізінен қосылған құны жоғары өндіріске инвестицияны тарту және технологиялар экспортын ынталандыру үшін қайта бағдарлау шараларын қабылдайтынын түсіндірді. Мемлекет берген осы құралдарды барынша пайдалану үшін барлық шараларды қабылдауымыз қажет екенін Т.Досаев айта кетті.

Өткен жылдары облыс экономикасында өнеркәсіп өндірісінің 2017 жылғы 43 198,8 миллион тоннадан 87 928,7 миллион тоннаға дейін өсу қарқыны байқалды. 2022 жылы екі есеге ұлғайғанын көріп отырмыз. Сондай-ақ, облыстың меншікті кіріс көлемі 4,7 есе өскенін айтты. Мемлекет басшысы атап өткендей, көрсеткіштер жаман емес, бірақ бірден қанағаттану мен оптимизмді тудырмауы керек, біз экономикалық өсудің қосымша көздерін іздеуіміз қажет,-деп басып айтты.

Сондай-ақ, заңсыз берілген активтерді қайтару және әділеттілікті қалпына келтіру, адал бәсекелестікке жағдай жасау бойынша нақты міндеттер қойылды. Ал бұл жаңа экономикалық саясаттың негізгі принциптері. Сондықтан аймағымызда заңсыз берілген құрылыс нысандары міндетті түрде мемлекет қарамағына өтетінін қала басшысы қадап айтты.

Халықты жылумен және электр энергиясымен, сумен және кәрізбен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері біздің басты мәселелеріміз болып қала береді. Біз өзіміздің түйткілді мәселелерімізді білеміз, кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде сумен қамту мәселелері шешілуде. Жәйрем кентінің су бұру қызметін сапалы көрсету жобаларын жүзеге асыру басталды, жаңа қазандық салу сияқты мәселелер бойынша жоспарда көптеген іс-шаралар бар.

Мемлекет басшысы абаттандыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Өңірімізді көркейту үшін жоспарланған шараларды жалғастырып келеміз. Бұл жобалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін де Т.Досаев жіті түсіндірді. Бұл жөнінде штабқа кент әкімдері, депутаттар, мердігерлер, қаламыздың тиісті органдары, бөлім басшылары шақырылған еді. Өңір басшысының да мақсаты оларды өзара таныстырып, өңірдегі абаттандыру, көркейту бойынша өтіп жатқан іс-шараларға қатысып, мердігерлердің жұмыстарын сапалы орындалуын қамтамасыз етуін қатаң түрде бақылау тапсырмасын беру еді.

Аймақтағы жылдар бойы шешімі табылмай келе жатқан тағы бір мәселе – қаңғыбас ит пен мысықтар легі.  Биыл Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне жануарларды ұстауға арналған орындар және уақытша ұстау изоляторларының құрылысына жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат қарастырылған екен. Бұл жайында жылдың соңында құжаттама дайын болатынын «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы  Нұрсұлтан Саутбаев айта кетті.

Денсаулық сақтау саласы бойынша да аймағымызда көптеген мәселелер бар. Әсіресе, медициналық кадрлардың тапшылығы, медициналық қызмет көрсету сапасы, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, материалдық-техникалық база және тағы сол сияқты жауыр болған мәселелер. Бұл мәселенің шешімін қарастыруға өңір басшысы өзінің орынбасары А.Құрмансейіт пен аймақтың аурухана басшыларына тапсырма берді.

Жоғарыда айтылған өңірдегі барлық мәселелерді шешу үшін Т.Темірбекұлы өзінің орынбасарларына, депутаттарға, бөлім басшыларына бірқатар тапсырма берді. Және қорытындылай келе, өңір басшысы өз сөзінде:

Алдымызға қойылған міндеттерді шешу үшін жақсы үйлестірілген бірлескен жұмыс қажет екеніне назар аударғым келеді. Бұл біздің өңір және біз тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын одан әрі жақсартатын нақты даму нәтижелеріне қол жеткізу үшін бірігуіміз керек, -деп сөзін аяқтады.

Сондай-ақ, штаб отырысының күн тәртібіне орай қаралатын сұрақтар бойынша, яғни, аймақтың санитарлық ахуалы жөнінде «Қаражал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ басшысы Нұрсұлтан Саутбаев баяндама жасады. Яғни, сенбіліктер жөнінде толығырақ таныстырды.

Сондай-ақ, Қаражалда жыл сайын өтетін дәстүрлі  «Қызғалдақ көктем» фестивалі жайында «Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы Гүлнұр Сатанова жалпы ережелері, яғни, биыл қазыналы қаламыздың 60 жылдық мерейтойы аясында, тақырыбы да соған сай болу керектігін және сайысқа түсетін мекемелер мен кәсіпорындар, олардың жеребедегі реттік сандары туралы толығырақ айта кетті.

Қазір – ерекше тарихи кезең. Жүктелген міндеттерді орындау үшін дереу іске кірісу керек. Тапсырмалар мүлтіксіз және уақтылы орындалуға тиіс.Реформалардың нәтижесін әрбір азамат нақты сезінуі қажет. Алдағы жұмыстың басты өлшемі – осы, – деп өңір басшысы штаб отырысын аяқтады.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *