Ұлытау облысындағы экологиялық жағдайды зерттеу жұмыстары басталды
Ұлытау облысы әкімдігінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында және қоғамның пікірі мен ұсыныстарын ескеру үшін арнайы шақырылып отырған «ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС өкілдерінің таныстырылымы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, атқарушы билік өкілдері мен әр деңгейлі мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты. Кездесуді Төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық зілзала аймағы деп жариялау болжанатын аумақты (акваторияны) зерделеу комиссиясының төрағасы – Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов жүргізді.
«ЭКОСЕРВИС-С» ЖШС атқарушы директоры Сеилхан Аскаров компанияның құрылымына тоқталып, бұрын атқарған жұмыстарын салыстырмалы түрде айтып өтті.
Жоба жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы — Наталья Яковлева ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, атқарылуға тиісті шараларды шолды.
Жиын барысында қатысушылар облыстың экологиялық жағдайына алаңдаушылық танытатындықтарын жеткізіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарына сәттілік тіледі. Мұндай кездесулерді айына бір рет ұйымдастыру келісілді.
Аталған жұмыс ауқымды болғандықтан 1,5-2 жылға созылады деп күтілуде. Осы уақыт ішінде ауадан, топырақтан, жер асты жер үсті суынан, өсімдіктерден, жануарлардан, онкологиялық аурудың көрсеткіші, бала туу, өлім деңгейі, өндіріс орындарының ауаға шығарған шығындыларынан (түтін) және басқа да сынамалар алынып, толықтай тексерілетін болады.
Айта кетейік, Президент Қ.Тоқаев 2022 жылы Ұлытау облысына жұмыс сапарында Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданының кей бөлігі төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе экологиялық апат аймағы деп танылса, «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңына өзгерістер енгізуді тапсырған болатын.