Президент Азия чемпионатының жеңімпаз және жүлдегер балуандарын құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша Астанада өткен Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жарқын жетістіктерімен құттықтады.
«Сіздер байрақты бәсекеде топ жарып, ел абыройын асқақтаттыңыздар. Боз кілемде жеңіске деген ерік-жігер мен шеберліктің озық үлгісін көрсетіп, жанкүйер қауымға зор қуаныш сыйладыңыздар. Бұл – табандылық пен қайсарлықтың, тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Сіздердің жеңістеріңіз спортты серік еткен жастарды жігерлендіріп, биік белестерге бастайтыны сөзсіз. Еліміз күрес өнерін дамыту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Балуандарымыздың дүбірлі додаларда үздіктер қатарынан көрінуі – соның айқын дәлелі», — делінген Президенттің құттықтау хатында.