Кез келген адамның құқығын әділ қорғай алу – мемлекеттің басты міндеті
2022 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне (әрі қарай – ҚПК) сот алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заңға қол қойған.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен аса ауыр қылмыстарды қарау туралы өзгерістер күшіне енді. Сондай-ақ, адамды ұрлау туралы істер (ҚК-нің 125-бабы (1-тармағы) 3-бөлігі), адам саудасы (128-бап (1-тармағы) 4-бөлігі), кəмелетке толмағандарды қылмыстық құқық бұзушылық жасауға тарту туралы (132-бап (5-бөлігі), кəмелетке толмағандардың саудасы (135-бап (1-тармағы 4-бөлігі), адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар (160, 163, 164-баптар (2-бөлігі), 168-бап), құқық қорғау жəне мемлекеттік орган қызметкерінің өміріне қол сұғушылық (380-1-бап (6-тармағы) 2-бөлігі).
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап алқабилердің қатысуымен сот тағы бірқатар ауыр қылмыстарды қарайтын болады (адам ағзалары мен тіндерін алуға мəжбүрлеу немесе заңсыз алып қою; азаптау; рейдерлік; медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кəсіби міндеттерін тиісінше орындамауы; балық ресурстарын, басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру; заңсыз аң аулау; адамның өліміне əкеп соққан көлік құқық бұзушылықтары).
Алқаби – дегеніміз соттың қылмыстық істі заңда белгіленген тәртіппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған еліміздің кез келген азаматы. Сондықтан алқабилер сотын – сот төрелігін жүзеге асыруға халықтың қатысуының бір түрі дейміз. Алқабилер туралы заң талабы ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысты қолданылады және де олардың қатысуымен іс тек сотталушылардың өтініші бойынша қаралады деп заңда нақты көрсетілген.
Ең маңыздысы алқабилерді іріктеу кезеңі. Таңдауға түсетіндер 25 жасқа толған, бұрын сотты болмаған адам болуы керек. Алқабилер құрамын қалалық, облыстық әкімдіктер жинап, іріктегеннен кейін, сот мүшелері тағы да тексереді. Өйткені, бұрын құқық қорғау органдарында істегендер, қорғаушылар, қазір сондай қызмет саласында жүргендер алқабилер құрамына енбеуі тиіс.
«Алқабилер туралы» заңға сәйкес елімізде алқабилер 2007 жылдың 1 қаңтарынан бастап қылмыстық істерге қатыса басталған. Таңдалып іріктелген алқабилер құрамы жасақталады, оларға кәсіпқой судьялар жалақысының 50 пайыз көлеміндегі айлық төлену қарастырылған (қатысқан күндерге байланысты есептеулер жүргізіледі).
Алқабилер қарапайым халықтың өкілі. Сондықтан, халық атынан сотқа қатысу, ол соттың әділ өтуіне септігін тигізеді, сотқа қатысушы тұлғалар құқықтық жағдайын барынша қорғауға мүмкіндік алады.
Ұлытау облысының прокуратурасы мемлекеттік айыпты қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасы.