Б.Әбдіғалиұлы: «Жезқазған қаласын дамытуда қолайлы орта құруға басымдық беріледі»
Өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы Жезқазған қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңеске қатысты. Кездесуде абаттандыру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді.
Облыс әкімі қазір қалада қоғамдық орындар, саябақтар, жасыл желектер мен жаяу жүргіншілер көшелері жетіспейтінін атап өтті.
Осыған байланысты биыл Кеңгір су қоймасы бойындағы саябақ аймағы мен төрт гүлзардың құрылысы басталады.
Сондай-ақ, 1 млрд 744 млн теңгеге 73 балалар ойын алаңын орнату жоспарланған, 660 млн теңгеге 26 спорт алаңын жөндеу көзделіп отыр.
Көппәтерлі тұрғын үйлердің 60 қасбеті мен шатырын ағымдағы жөндеуге 1,1 млрд теңге, ал Жезқазғанды көгалдандыруға – 300 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді. Сондай-ақ қаланың 2,1 шақырым суару жүйесі жөнделеді.
Жеңіс және Деев көшелеріндегі, Бейбітшілік және Алашахан даңғылдарындағы, Ғарышкерлер алаңындағы бірқатар үйдің қасбеттері мен шатырлары жөнделеді.
Осылайша, осы жылдан бастап қала аумағында жайлы орта құру басталады.
Қауіпсіздікке келетін болсақ, биыл 12,5 млн теңге сомасына жолдарға 1 150 жарық шағылыстыратын белгілерді орнату жоспарлануда.
Сондай-ақ, осы жылы 219 бейнебақылау камерасы орнатылады. Айта кетейік, полиция департаментінің базасында жедел басқарудың арнайы орталығы пайдалануға беріледі.