Мақсат – айқын, міндет – зор
Ұлытау облысының әкімі Б. Әбдіғалиұлының төрағалығымен облыс орталығын дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Кеңеске Жезқазған қаласының әкімі Қ.Шайжанов, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма Төрағасы Н.Нұриев, қала активі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыс әкімінің сөзі алты блоктан тұрды. Б.Әбдіғалиұлы облыс орталығының маңызды салаларын қозғады. Олар: жолдар мен қоғамдық көліктер, абаттандыру және қауіпсіздік, тұрғын үй құрылысы, жылу, газ және сумен жабдықтау, әлеуметтік сала.
«Көктем жақындаған сайын қала жолдары сапасының өте төмен деңгейде екендігі байқалады және алаңдатпай қоймайды», – деп атап өтті Б.Әбдіғалиұлы. Осыған байланысты биыл қала жолдарын жөндеуге 3,1 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 2,5 есе көп».
Жезқазған қаласының 12 көшесі орташа жөндеуден өтеді. Олар: Гагарин, Абай, Байқоңыров, Құрманғазы және басқалары.
Сондай-ақ Б.Әбдіғалиұлы әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялау үшін 911,6 млн теңге бөлінетінін айтты.
Сонымен қатар 2023 жылдың 15 сәуірінде 39 заманауи аялдама павильоны орнатыла бастайды. Жұмыстың аяқталу мерзімі — 1 шілде.