Ұлытау облысында «ARYSTAN» хоккей мектебі құрылуда

Бүгін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлына «ARYSTAN» хоккей мектебі таныстырылды. Кездесуде атап өткендей, жобаның мақсаты – өңірде балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту.

Жиында хоккей мектебінде 5 пен 16 жас аралығындағы 300-ге жуық бала тегін негізде оқитыны хабарланды. Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінетіні айтылды.

«ARYSTAN» осы жылдың 1 мамырынан бастап балаларды алуға өтінімдер қабылдайды. Алғашқы жаттығулар 1 тамызда басталады. Спорт мектебінде Қазақстан Республикасының жасөспірімдер, жастар және ұлттық құрамалары үшін хоккейшілерді даярлау жүргізіледі.

Жаңа хоккей мектебінің базасы Сәтбаев қаласындағы Мұз сарайы болмақ. 25 сәуірде спорт нысанын қайта жөндеу жұмыстары басталады. Яғни, мұз және қажетті жабдықтары ауыстырылмақ. Бұдан бөлек, мұз сарайының шатыры мен киім ауыстыратын бөлмесі жөнделіп, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіледі.

Жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылуда. «Қазақмыс» корпорациясы осы мақсатта 500 млн теңгеден астам қаржы бөледі.

Айта кетейік, «ARYSTAN» мектебінің амбассадоры ретінде белгілі хоккейшілер: Шабуылшылар Саян Данияр («Сарыарқа» ХК), Никита Михайлис («Барыс» ХК) және Роман Старченко («Спартак» ХК) атанды. Барлығы – Сәтбаев хоккей мектебінде тәрбиеленуші.

Берік Әбдіғалиұлы жастар арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын атап өтіп, «ARYSTAN» мектебі біздің өңірде үлкен хоккейді дамытатынына және танымал етуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *