Жол жақсарса, тұрмыс түзеледі
Бүгін облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлының төрағалығымен кезекті аппарат кеңесі өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен кәсіпорындардың басшылары, қалалар мен аудандардың басшылары қатысты.
2023 жылғы 1 сәуірге арналған бюджеттің алдағы уақытта орындалуы жайында активке облыстық қаржы басқармасының басшысы А.Сыздықова айтып берді. Баяндамашының айтуынша, есепті кезеңде бюджеттің кіріс бөлігі бойынша асыра орындалу 3 млрд 972,3 млн теңгені немесе 120,34%-ды құрады. Өңір басшысы жоспарланған қаражаттың толық игерілуін қатаң бақылауға алуға және жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы облыстық филиалының басшысы С.Рахымжанов және Ұлытау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ж.Бегаев автомобиль жолдарын күтіп ұстау және жөндеу бойынша ақпаратты баяндады. Облыс бойынша барлығы 175,7 шақырым автомобиль жолдарын жөндеуге 10,2 млрд теңге бөлінгені атап өтілді.
Республикалық маңызы бар Жезқазған – Петропавл (Арқалық арқылы, 143-163 шақырым) автомобиль жолын орташа жөндеуге келетін болсақ, конкурс нәтижелері бойынша мердігер анықталды. Шартқа қол қойылуда, сомасы — 2.1 млрд теңге.
Сондай-ақ Қызылорда – Жезқазған (Ұлытау облысына қарасты бөлігі) жолын жөндеуге ерекше назар қойылды. Қазіргі уақытта қолда бар төрт учаскені сегіз бөлікке бөлу бойынша жұмыс жүргізілді. Бұл – бәсекелестік ортаны ұлғайтуға мүмкіндік береді және отандық компаниялардың конкурстарға қатысуына мүмкіндік береді. Қазір тендерлік құжаттама Азия даму банкінің келісімінде (жоба аталмыш банктің есебінен жүзеге асырылуда). Алдағы күндері конкурс жариялау жоспарлануда. Б.Әбдіғалиұлы жергілікті мердігерлердің мүмкіндіктеріне назар аударуды, олармен кеңесуді, сондай-ақ жұмыс үшін қажетті техника мөлшерінің жеткілікті екендігіне көз жеткізуді тапсырды.
Аппарат кеңесі барысында Ұлытау облысының әкімі кадрлық тағайындау жайында хабарлады. Д.Әбілғазин «Kazakh Invest» ҰК»-ның өңірлік директоры болып тағайындалды. З.Ақылбекова өз кезегінде облыстық мәслихаттың әлеуметтік қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және жастар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланды. Б.Әбдіғалиұлы әріптестеріне жұмыста табыс тіледі.