Жезқазғанда 1 000 орындық BINOM мектебі салынады
Жезқазғанда 1 000 орындық BINOM мектебі салынады
Ұлытау облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту аясында бірқатар жаңа мектептер мен балабақшалар салу жоспарлануда. Бұл туралы тамыз педагогикалық конференциясында Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен айтты.
Өңір басшысының айтуынша, биыл Жезқазған қаласының Батыс ауданында 1 000 орындық BINOM мектебінің құрылысы басталады. Сонымен қатар Жаңаарқа ауданында 600 орындық, Түгіскен ауылында 300 орындық, Жезқазған қаласында 900 орындық және Сәтбаев қаласында 600 орындық мектеп салу жоспарланған.
Бұдан бөлек ұлдарға және қыздарға арналған «Білім-инновация» мамандандырылған лицейлері интернат-жатақханаларымен бірге салынады.
Өңірде Назарбаев Зияткерлік мектебін ашу да жоспарланып отыр.
Мектепке дейінгі білім беру инфрақұрылымы да кеңейтіледі. Жезқазған қаласының Кеңгір ауылында 320 орындық, Сәтбаев қаласында 280 орындық жаңа балабақшалардың құрылысы басталады.
Сондай-ақ жаңа оқу жылында Қаражал қаласында және Жаңаарқа ауданының Манадыр станциясында жаңа мектептер пайдалануға беріледі.
Жаңа білім беру нысандары оқушы орындарының тапшылығын азайтып, балалардың сапалы білім алуына заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді.
