САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ – АЗАМАТТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді.Бұл – азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысып, елдің алдағы даму бағытына қатысты өз пікірін білдіретін маңызды саяси науқан.
Сайлау – халықтың өз өкілдерін таңдауы арқылы мемлекеттік және қоғамдық мәселелерге ықпал етуінің негізгі тетіктерінің бірі. Сондықтан әрбір азаматтың дауыс беруі – өзінің конституциялық құқығын жүзеге асырумен қатар, ел болашағына деген жауапкершілігін танытудың нақты көрінісі.
Құрылтай депутаттары қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтуға, азаматтардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін көтеруге және халықтың мүддесін білдіруге атсалысады. Осыған байланысты сайлаушы үшін өз таңдауын асықпай, жан-жақты ақпаратқа сүйене отырып жасауы маңызды.
Саналы таңдау – кандидаттардың бағдарламалары мен ұстанымдарын зерделеуден басталады. Сайлаушылар ақпаратты тек ресми әрі сенімді дереккөздерден алып, әрбір кандидаттың қоғамға ұсынатын бастамаларына назар аударғаны жөн. Себебі берілген дауыс – бүгінгі таңдау ғана емес, елдің болашақтағы дамуына деген көзқарасты білдіреді.
Сайлау процесінің заң талаптарына сәйкес, ашық әрі әділ өтуі – баршаға ортақ міндет. Әр азамат өз таңдауын еркін жасауға құқылы. Ал сайлаушылардың белсенділігі еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына және қоғамдық-саяси мәдениеттің қалыптасуына оң ықпал етеді.
23 тамыз күні әрбір сайлаушы өзінің сайлау учаскесіне барып, жеке басын куәландыратын құжатын ұсына отырып дауыс бере алады. Бұл күні сайлау учаскесіне келіп, азаматтық таңдауды жүзеге асыру – ел өміріне бейжай қарамайтын әр адамның жауапкершілігі.
Мемлекеттің тұрақты дамуы қоғамның барлық мүшесінің белсенділігіне байланысты. Елдің ертеңі туралы шешім қабылдау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың да ортақ міндеті. Сондықтан сайлауға қатысу арқылы өз пікіріңізді білдіріп, азаматтық ұстанымыңызды көрсетудің маңызы зор.
23 тамызда сайлауға қатысыңыз! Өз таңдауыңызды жасаңыз!
Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес. Ал саналы таңдау – жауапты азаматтық ұстанымның белгісі.
